Қазақстандағы криптовалюта ипотека проблемасы секілді ушығып кетпей ме

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы уақытта криптовалютаның дамуымен бірге оған қатысты алаңдаушылық та күшейіп келеді. Бас кезінде тек кәсіби мамандардың пікірі ғана естілсе, күні кеше депутаттар дабыл қағып, Қазақстандағы криптовалюта нарығын бақылауға алуды талап ете бастады. Себебі аталған мәселе арнайы заңмен реттелмей отыр. Криптовалюта заңмен реттелмегеннен кейін онда еш жауапкершілік жоқ. Ал заң да, жауапкершілік те жоқ жерде алаяқтық пен басқа да қылмыстар белең алатыны анық жайт. Осылай жалғаса берсе, криптовалюта бір кездегі ипотека мәселесі сияқты ушығып кетуі әбден кәдік. Неге олай болуы мүмкін екенін біршама саралап көрсек.

Жалпы криптовалюта мен ипотека мүлдем екі бөлек нәрсе болып көрінгенмен, проблемасы жағынан өте жақын болып тұр. Бір айырмашылығы сол, егерде үлескерлер қаржысын көбінесе құрылыс компаниясының басшысы ұрлап, шетелге қашса, криптовалютаны сатып алатындар қаражатты өз қолымен шетелге аударып, ұрының «қалтасына» жіберіп отырады. Қазіргі кезде елімізде цифрлық қаражат заңмен реттелмеген. Демек, оған шектеу де жоқ деген сөз. Сол себепті қазіргі таңда қазақстандықтар криптовалютаны емін-еркін саудалап жүр. Бірақ мұндай сауда ішкі нарықта емес, шетелдік нарықтарда жүргізіледі. Криптовалютаның өзі электрондық әмиянда жатса да, оны сатып алуға кеткен қаражат өзге елдің биржаларында айналып тұрады. Ондайда криптовалютаның бағамын қатты бақылайтындар ұтылмайтын шығар. Алайда өз ақшасын басқа біреуге сеніп тапсырғандар, я болмаса, қаражатты өз күшімен көбейтіп аламын дейтіндер «күйіп» кетуі әбден мүмкін. Себебі олардың арнайы білімі, қор нарығы мен қаржы жүйесін жақсы білетін сауаты да жоқ. Осындай «ойынға» қатысушылар қатары Қазақстанда көбейген сайын, оларға қатысты тәуекел де арта түседі, ақыр аяғы арнайы заң болмағаннан кейін «тәуекелшіл топқа» көмек беру, оларды қорғау да қиынға соғады.

Сарапшы мамандар не дейді?

«Бүгінде Қазақстанда бірқатар адамдар пәтерлерін, көліктерін сатып, ақшаларын жоғалтып жатыр. Неге? Себебі криптовалюта нарығын дұрыс білмейді. Сол білімсіздіктен халықтың бір тобы шығынға батып жатыр. Сондықтан Ұлттық банк теледидар арқылы, газеттер арқылы қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығын, әсіресе, криптовалютаға қатысты білімін көтеріп отыруы қажет. Себебі азаматтарымыздың алаяқтардың арбауына түсуі оңай болып тұр», - дейді «Астана» ХҚО цифрлық технологиялар жөніндегі директоры Әсел Жиенбаева.

Оның ойынша, Қазақстанда криптовалюта нарығын тездетіп бақылауға алу қажет. Әйтпесе, алданған азаматтардың қатары да, олардың наразылығы да күшейіп кетуі әбден мүмкін. «Мен өзім криптовалюта нарығын реттеу керек деп санаймын. Себебі бүгін ол - «биткойн» болса, ертең тағы бірдеңе шығады. Мысалы, Австралияда криптовалютаға рұқсат берді. Алайда мемлекет тарапынан қадағаланып отырады. Сондықтан Ұлттық банк осы саланы қадағалауы қажет, тиісті реттеу нормаларын жасау керек. Қандай компаниялар келе алады? Аккредитация қандай болады? Осының бәрі заңнамада айқын болуы шарт. Онсыз мен де қазір өз криптовалютамды өтірік шығарып, қарапайым халықтың ақшасын жинап, басқа елге көшіп кете аламын. Бітті. Одан кейін мені кім табады? Сондықтан қазір Ұлттық банкке осы мәселемен айналысу аса қажет. Себебі бүгінгі кішкене көпіршіктер  ертең үлкен шуға айналуы әбден мүмкін», - деп атап көрсетті Ә.Жиенбаева ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Ұлттық банктің ұстанымы қандай?

Қазақстанның бас банкирі аталған мәселені реттеуге асықпайтын сияқты. Себебі күні кеше Парламент Мәжілісінің талқылауына түскен «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заң жобасында криптовалюта жайында ештеңе айтылмаған. Дегенмен Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков криптовалютаға қатысты банктің ресми көзқарасын жеткізген еді. Оның өзін депутаттар тақымдап сұрап болмағаннан кейін айтты.

«Негізі, криптовалюта мәселесін кеңінен қарастыру қажет. Себебі әлем бойынша нақты ұстаным жоқ. Біреулер қолдап жатыр, енді біреулер тыйым салып отыр. Алайда бір нәрсе анық, криптовалютаны ақша ретінде қарастыруға болмайды. Бұл - қаржылық өнім, теxнология. Бірақ төлем мен айырбас құралы емес. Біз осыны зерделеп жатырмыз. Криптовалютаны ақшаның баламасы ретінде емес, қаржылық теxнология ретінде қарастыруға болады деп санаймыз. Осы балансты сақтауға тырысамыз», - дейді  Смоляков мырза. Алайда оның жауабы депутаттарды қанағаттандырмады. «Бұны кеңінен қарастырып қайтеміз?! Қазірдің өзінде қаржы министрлігі көз алдыңызда криптовалютаға майнинг жасап жүр», - деп тап берді халық қалаулылары.

Депутаттардың айтып отырғаны да рас. Өткенде ғана Ұлттық қауіпсіздік комитеті қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитетінің Қарағанды, Атырау, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша департаменттерде ақпараттық серверлерді криптовалюталарға майнинг жасау, яғни цифрлық ақшаны өндіру үшін пайдаланды деп айыптады. Білуімізше, министрлікке қарасты ақпараттық бөлімше қызметкерлері вирусқа қарсы бағдарлама орнатамыз деп, компьютерлерге майнерлер орнатқан. Соның салдарынан техниканың ақпаратты өңдеу жылдамдығы төмендеді, жалпы компьютерлердің жұмысы баяулап қалған. Бүгінде аталған әрекеттер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің  207-бабы  (ақпараттық жүйенің немесе телекоммуникациялық желінің жұмысын қасақана бұзу) және 210-бабы (зиянды компьютерлік бағдарламалар мен бағдарламалық өнімдерді жасау, пайдалану немесе тарату) бойынша қылмыстық істер қозғалды. Аталған баптар бойынша 3-7 жылға дейін бас бостандығын айыру жазасы қарастырылған. Бірақ ол үшін қылмыстық топтың әрекет еткенін дәлелдеу керек. Онсыз кінәлі деп танылған азаматтар бас бостандығын шектеліп қана, я болмаса, айыппұл төлеп, құтылып кетуі бек мүмкін. Ал осы уақытқа дейін олар қанша криптовалюта жасап алды? Оның бәрі қайда кетті? Ақпараттық серверлердің ресурстары қанша процентке тозды? Майнингтен мемлекетке келген шығын қандай? Міне, сарапшылар да осыны айтып, заң болмағаннан кейін бұның барлығын анықтау мүмкін еместігін ескертеді. Ертең сол кінәлі деп танылғандар айыппұлды криптовалютадан тапқан ақшаның бір бөлігін төлеп қана кетпейтініне кім кепіл?..

Түйіндей айтсақ, қазіргі күні Қазақстан нарығында арнайы заң болмаса, криптовалютамен айналысатындарды бақылау еш мүмкін емес. Ал, ең бастысы, сол криптовалютаға алданғандарға көмек беру жағы қиын болады. Олардың барлығы ақшадан айырылып, үйсіз-күйсіз қалса, үлескерлер сияқты өз қаржысын қайтарып беруді талап етеді. Депутаттардың сөзіне қарағанда, қазірдің өзінде алданған азаматтардан арыздар түсе бастады. Демек, проблема баршылық. Ендігі кезекте, криптовалюта мәселесі ипотека проблемасы сияқты ушығып кетпесе болғаны. Әйтпесе, бұрнағы жылғы секілді ипотекадан алданғандардың проблемасына мемлекет араласқанындай Ұлттық қордан қайтадан қыруар қаржы бөліп, мемлекеттің тағы да  жекелеген азаматтардың проблемасын шешуге кірісуіне тура келетін тәрізді... 

Соңғы жаңалықтар