Қазақстандағы Корея елшісі: Олимпиадада Қазақстан құрамасына жанкүйер боламыз

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Пхенчхан қаласында өтетін қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы киіп шығатын спорттық киімнің таныстырылымында Қазақстандағы Корея Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Ким Дэсик сөз сөйлеп, ұлттық құрамамызға сәттілік тіледі, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Өздеріңіз білетіндей, Корея халқы оңтүстік пен солтүстік деп екіге бөлінген. Осыған қарамастан, қысқы Олимпиада ойындарына КХДР құрамасының қатысатыны бізді қуантады. Олимпиада ойындары осылайша, халықты достастыратын ізгілік ойындарына айналайын деп тұр. Өткен жылдың желтоқсан айында мен Отаным - Корея Республикасына барып келіп, олимпиадалық нысандарды аралап қайттым. Дайындықтың сәтті аяқталғанынан көзіміз жетіп, нысандардың толық біткенін және Корея меймандарды қабылдауға әзір екенін білдік», - дейді Қазақстандағы Корея Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Ким Дэсик.

Елші Қазақстан құрамасына жетістіктер тілейтінін білдірді.

«Мен сонымен бірге, Корея Республикасындағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті елшісімен кездесуге мүмкіндік алдым. Біз өте ғанибетті әңгіме өрбіттік. Біз құрамалардың қысқы Олимпиада ойындарына дайындығы туралы тілдесіп, алдағы спорттық шара аясында елшіліктердің өзара қарым-қатынасын нығайта түсуге келістік. Барлық елшіліктер бұл ойындарды асыға күтіп отыр. Біз Қазақстан үшін тақым қысамыз», - деп түйді Ким Дэсик.

Еске сала кетсек, бүгін Астанада Оңтүстік Корея елінің Пхенчхан қаласында өтетін қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы киіп шығатын спорттық киімдер көпшілік назарына ұсынылды. Оңтүстік Кореядағы қысқы Олимпиада ойындарына аттанатын қазақстандық спортшыларға берілетін форма: жылы спорттық костюм мен шалбар, жылы желет, жаттығуға арналып тігілген және желден қорғайтын костюмдерден тұрады. Қазақстан құрамасына олимпиадалық форманы жапониялық «Mizuno» компаниясы тіккен.

Соңғы жаңалықтар