Қазақстандағы киелі жерлер туралы сайт ашылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы киелі жерлердің интерактивті картасы орналастырылған портал жылдың соңына дейін іске қосылады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихаты барысында «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғали хабарлады.

«Киелі орындар туралы ақпарат алуды ыңғайлы ету үшін жылдың аяғына дейін арнайы виртуалды интерактивті карта жасалып жатыр. Интернеттен кез келген уақытта кіріп, өңірлердің қандай тарихы бар, оған қалай жетуге болады - соның бәрін картадан білуге болады. Ол картаны жасау үшін арнайы жұмыс тобы құрылды», - дейді Берік Әбдіғали.

Виртуалды интерактивті картаны жасауға атсалысып жатқан орталық өкілі Қайсар Тұрсынғожаның айтуынша, картаның барлық ғылыми жұмысын ғалымдар мен этногтафтар атқарса, оның техникалық  үйлестіруін жұмыс тобы қолға алмақ.

«Негізгі жалпыұлттық деңгейдегі нысандарды алты топқа бөлдік. Яғни, олар географиялық, археологиялық, тарихи тұлғалар мен саяси оқиғаларға қатысты жерлер, діни және ғибадаттану жерлері болып бөлінеді. Сайт толық функционалды, үш тілдегі ақпарат көзі болады. Мобильді қосымшалары туралы тағы да айта жатармыз. Кейбір жылжымалы элементтерімен бірге әр нысанның өз белгісі бар. Сайтта адамдарға ыңғайлы болу үшін «іздеу» қызметінің бірнеше түрі қарастырылған. Яғни, нысандардың категориясы және тікелей атауын енгізу арқылы іздеуге болады. Мәселен, Құнанбай қажы мешіті туралы іздесеңіз, ол туралы шағын ақпаратпен қатар, толығырақ мәліметін, фото және видеогалереясын да ұсына аламыз. Мүмкіндігінше, үйіңізде отырып-ақ сайтта сол кешенге виртуалды «сапар» жасап қайту жолдары қарастырылған. Сонымен бірге, порталды жасаған кезде белгілі бір динамика болуы керек. Әр адам күнделікті түрде пайдалана алатындай ыңғайлы етіп жасадық. Ол жерге қай туристік фирма бара алады, оның қызметі құны қандай - осы іспеттес сауалдардың бәрінің жауабын сайттан біле аласыздар», - дейді Қайсар Тұрсынғожа.

Соңғы жаңалықтар