Қазақстандағы ең ұзын алма бәліші Талдықорғанда пісірілмек

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - 1 қазанда Талдықорғанда қала күні мерекесі тойланады. Осыған орай облыс орталығының рестораторлар қауымдастығы Қазақстандағы ең ұзын алма бәлішін пісірмек.

Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, бәліштің ұзындығы 100 метрге жетеді. Ені 40 см. Оған 450 келі алма, 390 келі ұн, 117 келі қант, 90 литр сүт, 70 келі май, 5 келі ашытқы және 300 жұмыртқа пайдаланылады деп жоспарланған.

Алма бәліші  «Талдықорған  бақ қала» фестивалі аясында әзірленеді. Айта кетейік, бүгінде ғалымдар алманың отаны  Қазақстанның Алатау бөктері екенін дәлелдеп жатыр.  Әлемдегі алма атаулысы  сиверс алмасынан (жабайы алмадан) тараған. Қазір жер жүзіндегі сиверс алмасының 68 пайызы Алматы облысында. Осыған байланысты «Талдықорған  бақ қала» жобасының мақсаты  осы сиверс алмасын көбейтуге үлес қосу.

Естеріңізге сала кетейік, жыл басында қала әкімдігі Тәуеліздіктің 25 жылдығына 25 мың түп ағаш отырғызу акциясын бастаған болатын. Бұл шара кейіннен «Талдықорған  бақ қала» жобасына ұласты. Оның аясында бүгінге дейін шаһарда 38 мың түп көшет отырғызылды.

 

Соңғы жаңалықтар