Қазақстандағы ең арзан асхана - Астанада

None
None
 АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы Агротехникалық университетінің асханасын елордада ғана емес, жалпы Қазақстан бойынша ең арзан әрі қолжетімді қоғамдық тамақтану орны деп атауға болады. Осылайша, университет басшылығы студент жастардың тамағын тоқ қылып, алаңсыз білім алуларына жағдай жасап отыр. ҚазАқпарат тілшісі қолжетімді астың сапасы мен бағасын көріп, тамақты екі, тіпті үш есе арзан сатудың сырын білген болатын.

null

Университетте өткен ресми шараға барғанда ондағы асханада тамақтың біршама арзан екенін білмеген едік. Бастапқыда қатардағы асханалардан ешбір айырмашылығы жоқ секілді көрінген. Алайда сөрелерде тізіліп тұрған тоқаш, кекс және тағы басқа жеңіл-желпі нан өнімдерінің бағасын көргенде көзімізді бір уқалап алдық. Ал бір лимон қосылған шай мен пиццаны алғанда одан да қатты таң қалдық. «Сізден 95 теңге», - деді кассир қыз.

null  

Шыдай алмай, ыстық тағамдардың прайсына үңілдік. Борщ, саңырауқұлақ сорпасы, қышқылтым көже, үй кеспесі, ащы көже, ас бұршақ сорпасы  бәрі - 85 теңгеден. Екінші тағамға гарниры (еттен, балықтан істелген тамаққа қосылатын тұздық, макарон, ботқа түрлері) бар котлет, қуырдақ, лағман, бифштекс, тефтель, тауық еті, қуырылған ет (гуляш), түшпара, французша, армянша, тіпті «бейжіңше» жасалған ет беріледі. Барлығы 165 теңгеден.  

null  

Ыңғайы келіп тұрғаннан соң университет басшылығына жолығып, асхана тағамдарын дәмді әрі арзан қылудың себебін білгенді жөн көрдік.

«Алдымен студенттердің денсаулығын ойлау керек қой. Сол себепті біз оқу ғимараттарының ішінде, сосын әрбір жатақханада осындай асханаларды аштық. Ал тамақтың бағасы неге арзан? Біріншіден, асханаға қажетті бөлмелерді жалға алу құнын қатты көтерген жоқпыз. Одан пайда тапқымыз да келмейді. Бастысы - су, жарық, жылу және тағы басқа коммуналдық шығындарды өтеп отырса болғаны. Жалға алушыға бір ғана шарт қойдық, ол - тағамның бағасы арзан болуы керек. Әрине, тамақтың сапасы да бақыланады. Оны студенттер өздері тексереді. Солардың бастамасымен құрылған комиссиялар бар. Асханаларды жасырын түрде аралап, әрбір тағамның сапасын, тіпті салмағын тексеріп отырады. Олар қайда барады және қашан келеді, оны ешкім білмейді. Егер тамақтың сапасы төмендесе, жалға алушыларды ауыстыру туралы ұсыныстар жасалады», - дейді университеттің бірінші проректоры Айтжан Әбдіров.

null  

Оның айтуынша, бүгінде университет жанынан көкөніс өсіру де қолға алынған. Соны арзан бағамен асханаларға жеткізудің арқасында тамақтың бағасын тағы төмендетуге мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, бұл жерде студенттік дүкен мен дәріхана жұмыс істейді. Онда да тауардың бағасы нарықтан 20 пайызға дейін арзан.

null

«Иә, тамақ жағынан бізге өте ыңғайлы. Астанадағы басқа университеттерде оқып жатқан құрбы-құрдастарымыз сияқты ақшаны үнемдеп, даладан нан, майонез, «бич-пакет» (жылдам әзірленетін кеспе - ред) алып жүрмейміз. Сабақ кезінде де, сабақтан кейін де асханаға барып, тамақ ішеміз де, кітапханаға, я болмаса, басқа да қоғамдық жұмыстармен айналысуға кірісеміз. Үлкендер студент болған кезде асқазанды құртып алдық деп жиі айтады. Бізге ондай қауіп төніп тұрған жоқ шығар», - дейді студенттер.        

null 

Соңғы жаңалықтар