Қазақстандағы цифрландыру кәсіпорындарды жаңа деңгейге шығарады - мәслихат депутаты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының мәслихат депутаты Зейнолла Шибкеновтың пайымынша, Қазақстандағы цифрландыру жұмыстары кәсіпорындарды жаңа деңгейге шығарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Президент биылғы Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында өте маңызды мәселелерді көтерді. Осы орайда бұл бастамаларға беделді сарапшылар да тиісті бағасын беріп жатқанынан байқап отырсыздар. Атап айтқанда, еліміздің ары қарай дамуы бағытында цифрландыруға ерекше екпін қойылып отырғаны орынды», - деп тоқталды елорда мәслихатының депутаты.

Оның пайымынша, бүгінде кәсіпорындардағы еңбек өнімділігі өзгерістерге мұқтаж. Себебі кейбір зауыттардағы ескі технологиялар бәсекеге қабілетті емес. Ал әлемнің озық елдері қатарында болу үшін заманауи технологияны игеру мен жаңа қадамдарды іске асыруға мән беріліп отыр.

«Қоғам назарында ұстаздардың еңбекақысы мен мәртебесі мәселесі де қызу талқыда болғаны анық. Сондықтан осы жағдайлардың барлығын ескеріп, Елбасы биылғы Жолдауда мұғалімдердің еңбекақысын көтеруге қатысты нақты тапсырманы жүктеп, әлеуметтік салаға қатысты өзге де бағыттарға назар аударды. Бұл жаңалықтардың барлығы ел тұрғындарын бір серпілтіп тастады», - дейді Зейнолла Рахымұлы.

Бұдан бөлек, Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ету міндетін бастап кеткеніне тоқталған мәслихат депутаты, еліміз әлем елдерінде бейбітшілікті сақтау мәселесінде айтарлықтай еңбек еткенін тілге тиек етті.

«Өздеріңіз білесіздер, Сириядағы ахуалды реттеуге арналған жиындар Қазақстанда ұйымдастырылды. Осы орайда Астана процесі алаңында тиісті уағдаластықтарға қол жеткізілді. Менің ойымша, Қазақстанның бұл бағытағы еңбегі ерен. Сонымен қатар алдағы күндері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ Президенті Дональд Трамптың кездесуі жоспарланған. Бұл тұрғыда Қазақстан БҰҰ ҚК Төрағасы ретінде ескеріп отырған бірқатар мәселелер талқыланып, өз шешімін табады деген ойдамын. Жалпы, Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясаты өте дұрыс және осыған ел болып қолдау жасауымыз керек», - дейді Астана қаласы мәслихатының депутаты.

Соңғы жаңалықтар