Қазақстандағы бизнес-ахуал инвестицияны көбейтуге оң әсер етеді - ЕАДБ басшысы Дмитрий Панкин

None
None
АСТАНА. Қазақпарат - «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне сұхбат берген Еуразиялық даму банкі басқармасының төрағасы Дмитрий Панкин ЕАЭО елдерінің инвестициялық артықшылықтары туралы кеңінен сөз қозғады.

- Дмитрий Владимирович, Еуразиялық одақтың құрамындағы қандай елдер ЕАДБ-дан инвестицияны көп алады? Сондай-ақ, бұл инвестициялар қандай бағытқа жұмсалып жатыр?

- Бізде белгіленген нақты лимит жоқ. Иә, кейбір банктерде, мәселен, банк қаржысының 20 пайызы бір елде, 10 пайызы екінші елде болу керек деген ережелер бар. Ал біз, ең алдымен, тұтынушылар бізге ұсынатын жобаның сапасына баса мән береміз. Қазіргі таңда банк қаражатының 45 пайызы - Қазақстанда. Бұл - өзге елдерге қарағанда ең үлкен үлес. Неліктен бұлай десеңіздер, бұл бөлініске бірнеше фактор әсер етті. Біріншіден, Қазақстандағы бизнес-ахуал инвестицияның көптеп тартылуына қарай бейімделген. Екіншіден, Қазақстан үкіметімен инвестиция тарту бағытында тиімді диалог бар. Мемлекеттік органдар жедел әрі орнықты жұмыс атқарады. Үшіншіден, бізге зор қолдау көрсетіліп отыр. Мысалы, өткен жылы ғана Ұлттық банк нарықтың барлығы жабылып қалғанда, теңгемен қаржыландыруды жолға қойды. Осының арқасында Қазақстан аумағында бірнеше жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік алдық.

- Қаражат бөлу туралы шешім қабылданар алдында не есепке алынады?

- Біз, ең алдымен, жобаның интеграциялық құрамына мән береміз. Мәселен, бір елде тауар өндірілсе, екінші елде ол толықтырылады. Немесе инвестиция бір елден екінші елге құйылуы мүмкін. Мәселен, қазақстандық компания Ресейден зауыт сатып алады. Сонымен бірге, тек тауар да жеткізілуі ықтимал. Мысалы, ERG Соколов-Сарыбайда темір кенін өндіріп, Магнитогор металлургиялық комбинатына жеткізсе - біз осы тапсырысқа несие береміз.

Сонымен бірге, даму келешегі бар жобалар да біз үшін маңызды: модернизация жүріп, жаңа өндіріс іске қосылды делік. Демек, ол жобаға алдағы уақытта да несие бөлу керек. Біз мұндай жағдайда қаржыландыруға асықпаймыз.

- Банк қазіргі таңда қандай жобаларды қарастырып жатыр?

- Жақын арада Қазақстандағы бірнеше маңызды жобалар бойынша шешім қабылдау жоспарда бар. Бұл құны 200 миллион долларлық «Богатырь Көмір» көмір өндіру орнын, Орталық-азиялық энергетикалық компанияның құрылғыларын жаңарту жобаларын қаржыландыру көзделіп отыр. Құрылғылар Ресей Федерациясынан әкелінбек. Атырау теңіз портын жаңартуға қатысты несие бөлу жобасы талқылану үстінде. «Қазақстан темiр жолына» қатысты да бірнеше маңызды жоба бар.

- Қазақстан шұғыл түрде технологиялық модернизациялауға бағыт түзегені белгілі. Бұл үрдіс қазақстандық компаниялар мен кәсіпорындардың тарапынан өндіріс жарағын жаңарту бағытында өтінімдердің берілу мөлшеріне әсер етті ме?

- Бізді инфрақұрылым және энергетика салалары қызықтырады. Энергетика саласында барлық энергетикалық құрылғылардың 50 пайызға жуығы жоғары деңгейде ескіріп кеткендігі, олардың өміршеңдігінің сарқылып бара жатқаны алаңдатады. Бұған қоса Қазақстанда соңғы алты айда электр энергиясына сұраныс 9 пайызға артып отыр. Жақын келешекте құрылғылардың қазіргі халі энергетикалық қуаттылықтың сұранысын қанағаттандыра алмай қалуы ықтимал. Демек, жаңа қуаттылықсыз жағдай әбден ушығуы мүмкін. Сондықтан, энергетика саласында жаңа құрылғылардың енгізудің маңыздылығын түсініп отырмыз.

Бұған қоса көміртекті генерациядан қалпына келтірілген қуат көздеріне ауысу саласын ерекше атап өткім келеді. Әрине, бұл ауысым бірден емес, қадам-қадам сайын жүзеге асуы керек. Күн және жел электр станциялары - бұл жаңа технологиялар. Біз бұл тұрғыда модернизацияға деген жоғары сұранысты байқап отырмыз. Сонымен бірге, тау-кен, көмір сынды өнеркәсіптің дәстүрлі саласында ескі кендерді жаңарту туралы сөз қозғалып жатыр.

- ЕАЭО елдеріне құйылған тікелей инвестициялар туралы атап өте аласыз ба?

- 2016 жылдың басынан бері ЕАЭО елдері арасындағы жинақталған тікелей инвестициялардың мөлшері 23,6 миллиард долларды құрады. Оның 82 пайызы - ресейлік, 17,5 пайызы Қазақстанның үлесінде. Демек, жоғарыда аталған екі елді негізгі ойыншылар деп атауға да болады. Қазақстанның жинақталған тікелей инвестициясы - 4,1 миллиард доллар.

- Банкті құру кезінде Қазақстанға ресейлік капиталдың құйылғаны, алайда біршама уақыттан кейін жағдайдың өзгергені байқалады. Сіздер бұл процесті бақылап отырсыздар ма?

- Тез өсімнің болмағаны туралы сөз қозғауға болады. Бірақ, салынған капиталды қайтарып алды деуге келмейді. Ұлттық валюталардың девальвациялануына қатысты капиталды қайта бағалауға тура келді. Рубльмен салынған салымдарды доллармен қайта санағанда теріс көрсеткішке ие болғандай көрінеді.

 Бұның екінші жағы да бар. Капиталдың құйылуының өзіне тән артықшылықтары барын да атап өткен ләзім. Мәселен, ресейлік капитал - ең алдымен мұнай мен газ. Ал Қазақстандағы инвестиция көп жағдайда ауыл шаруашылығы өнімдері, азық-түлік, туризм, металлургия, көлік кешендері болып келеді.

Ресейлік компаниялардың тағы бір ерекшелігі - тек ірі компаниялардың қатысуы. Неліктен десеңіз, орта буынды бизнес үшін әкімшілік кедергілер жетерлік. Өнім мінсіз болған күннің өзінде, өзге елге немесе өзге облысқа ену оңайға соқпайды. Тарифтен тыс кедергілер, меніңше, шағын және орта бизнестің интеграциялық үрдісіне зор кедергі келтіреді. Ірі бизнес қиындықтардан аттап өту мүмкін, ал ШОБ үшін бұл күрделі мәселе.

- Сіз Қазақстан мен Ресейдің ЕАЭО нарығындағы негізгі ойыншылар екенін атап өттіңіз. Қай елде бизнес-климат жайлырақ?

- Сандар сөйлесін. Қазақстанға тартылған шетелдік инвестиция - 120 миллиард долларды, Ресейге тартылғаны - 258 миллиард долларды құрады. Иә, Ресейге көбірек тартылды, дегенмен ресейлік экономика қазақстандықтан 10 есе үлкен екенін де естен шығармау керек. Демек, біз Қазақстанға тартылған тікелей инвестицияның Ресейден гөрі көп екенін көріп отырмыз. Егер Doing business-тің соңғы рейтингін бақылап отырсақ, халықаралық индикатор бойынша Қазақстан алға ұмтылып бара жатқанын көреміз: Қазақстан бизнес енгізудің ыңғайлылығы жағынан 35 орында, ал өткен жылы 41 орыннан көрінген еді.

- Алайда, ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев соңғы сөйлеген сөздерінің бірінде ірі компанияларды санамағанда, бизнес мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың маңайындағы тапсырыстарға тәуелді болып тұрғанына орай наразылығын білдірген болатын...

- Өте маңызды мәселе. Халық көп жағдайда мемлекет пен мемлекеттік компанияларға қарай бейімделіп алған. Ал кәсіпкерліктің идеологиясын гүлдендіру үшін (бір өнімді шығардың, әкімшілік қолдауды күтпей-ақ нарыққа жібердің) қоғамдық құрылымда үлкен өзгерістер болуы керек. Бұл мәселе тек Қазақстанға ғана емес, Ресейге де, посткеңестік елдердің бәріне де қатысты.

- Айтпақшы, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық модернизациямен бірге, қоғамдық сананы да жаңғырту баса маңызға ие екендігін атап өткен болатын...

- Иә, мұндай мәлімдеме құрметтеуге тұрарлық. Маған Қазақстанда қоғамдық сананы жаңғырту туралы, тамыр-таныстық қағидатынан алшақтау жайлы айтылып жатқаны ұнайды. Адамдарды тамыр-танысымен емес, мүмкіндігі мен дарынымен бағалаудың маңызы өте зор.

- Ең соңғы сұрақ. ҚР Ұлттық банкі жылдың екінші жартысында қысқа мерзімді ноталарды сату үшін блокчейн технологиясын бастауды ойластырып отыр. Елдің орталық банкінің бұл қадамын ерте немесе кеш жасалды деп баға бере аласыз ба? Интеграциялық процестер аясында блокчейннің келешегі туралы не дейсіз?

- Блокчейннің технология ретінде өмір сүруге құқығы бар. Әр қатысушы жеке қолданушы ретінде құнды қағаздарды, жеке мүлікті, келісімді тіркеу кезінде қолдан жасауға болмайтын бірлестік құруға қатысады, осы тұрғыда ақпаратты бөлуде ол маңызды. Бірақ, мен биткоин ақша бірлігі болып кетеді-ау дегенге сенбеймін. Барлық экономикалық ғылым көрсетіп отырғандай, ақша немесе ел ішіндегі құнды дүниелер (мәселен алтын) немесе мемлекеттің сеніміне ие қолдан жасалған бірлік қана. Егер теңге ретінде жалған қағазды басып шығарсаңыз - жазалайды. Биткоиннің артында блокчейннің технологиясына деген сенім жатыр. Қазір ол жұмыс атқарып жатыр, бірақ біз бес жылдан кейін не болатынын білмейміз. Прогрестің өзі мүмкін емес дүниелердің екі жылдан кейін мүмкін болып кететінін көрсетіп отыр. Менің ойымша, биткоиннің жалғасын қайталайтын тағы бір бағдарлама пайда болуы ықтимал. Сонда бірлікке деген сенім жоғалып кетуі де мүмкін. Сондықтан, мен валюта ретіндегі биткоинге күмәнмен қараймын.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар