Қазақстандағы бірқатар ұйым, мекеме өкілдері латын әліпбиін қолдап, Елбасына хат жолдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы бірқатар ведомстволар мен ұйым, мекеме басшылары мемлекетте латын әліпбиін қолданысқа енгізу жөніндегі бастаманың ел болашағы үшін маңызының зор екендігін айтып, Елбасына қолдаухат жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «ҚР Ұлттық кітапханасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің ұжымы Президентке жолдаған хаттарында қазақ тілін біртіндеп, латын әліпбиіне көшіру мәселесін қолдайтындықтарын жеткізген.

«Латын әліпбиіне көшу - заман талабы. Мемлекеттің табысты дамуы тілдік ортаға да байланысты екендігі бәрімізге мәлім, сондықтан да ол қазіргі жаһандық өзгерістерге ілесе алатын, әлемдік бәсекеге қабілетті мемлекет болуы тиіс. Латын әліпбиіне көшу - ана тілімізді дамытып қана қоймай, халқымыздың бірлігін күшейтіп, рухани жақындастырады. Бұл шараның, шын мәнінде, мемлекетіміздің дамуын жаңа деңгейге көтеріп, елімізге жаңа мүмкіндіктер ашатынына және қазіргі өркениет жетістіктеріне алып баратынына біз кәміл сенімдіміз. Еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығы үшін, оның қарқынды дамуы мен болашағы үшін Елбасының жүргізіп отырған саясатын біз әрқашанда қолдаймыз және оны жүзеге асыруда үлкен табыстар тілейміз!»,-делінген хатта.

Ал ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Абайдың «Жиделі-бөрілі» мемлекеттік қорық музейі республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының қызметкерлері тәуелсіз еліміздің ең жоғары заң шығарушы органы - Қазақстан Парламенті жас мемлекетіміздің дамуына зор үлес қосып келе жатқандығын айтқан.

Осыған қарай, кәсіпорын өкілдері 11 қыркүйек күні Мәжілісте «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» өткен тыңдау, Парламенттің өз сайлаушыларының көңіл күйін, еліміздің егемендікті бекітуге деген арман-тілегін жақсы білетінін көрсеткендігін жеткізген.

«Мәжілістің отырысында «Қазақ тілін жаңғыртудың басты көрсеткіші - латын жазуына көшу» деп атап көрсетіліп, бұл қадамның әлем қазақтарын біріктіретін маңызды фактор екеніне назар аударылуы соның тағы бір жарқын дәлелі. Біз, Абайдың «Жиделі-бөрілі» мемлекеттік қорық музейінің ұжымы, Парламент ұйғарымын қуана қарсы алдық және еліміздің жаңа әліпбиге көшуіне белсенді атсалысатын боламыз. Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған ұлы ақынның ұрпаққа қалдырған терең ұлағаты мен өсиеті бізді осыған міндеттейді. Абай шаңырағының шырақшылары еліміздің барлық патриоттарын және Парламент депутаттарын егемендік пен елдік жолындағы бетбұрысты қадаммен шын жүректен құттықтайды!»,-дейді олар Елбасына жолдаған хаттарында.

Сонай-ақ «П. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының өкілдері Мәжіліс отырысында латын әліпбиіне көшу туралы заңның қабылданғаны бүкіл қазақ халқын және П. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжі ұжымын жаңа бір рухани сатыға көтергендігін жеткізген.

«Латын әліпбиі жаңа тарихи кезеңге аяқ басуға, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға, әрі білімді, отаншылдықты дамытуға үлкен септігін тигізеді. Біз Сізді қолдаймыз! Біз Сізбен біргеміз! Латын әліпбиін қолдану - еліміздің болашағы үшін жасалған үлкен тарихи қадам!»,-дейді олар.

Соңғы жаңалықтар