Қазақстандағы АҚШ елшісі: Смартфон қолдана алмайтын америкалықпын

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы елшісі Джон Крол Қазақстан мен ТМД елдері туралы өз пікірлерімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өзінің жоғары лауазымына қарамастан, Джордж Крол өте қарапайым адам. Ол әлі күнге дейін кітапханаға барып, батырмасы бар ескі телефон ұстайды.

«Мен өте қарапайым адаммын. Тіпті смартфонның қалай жұмыс істейтінін білмеймін. Жаңа технологиялардың барлығы маған өзгеше әлем болып көрінеді. Кітапты да кітапханадан арнайы алып оқимын. Жаңа технологиялармен және инновациялармен айналысатын жастарға қызығамын. Олар болашақтың Стив Джобстары мен Томас Эдисондары. Мен оларға сұрақ қоюға ыңғайсызданамын. Себебі, олар мені тас ғасырының адамы деп ойлап қалуы мүмкін. Бір баладан «Мынау смартфон ба, әлде планшет пе?» деп сұрағанмын. «Сіз өзі қайдан келдіңіз?» деп маған қарсы сұрақ қойды. Америкадан екенімді естігенде таң қалды. Қалайша? Америка - жаңа технологиялар қарқынды дамып жатқан ел ғой. Иә, мен сондай қарадүрсін адаммын. Маған көп нәрсені үйрену қажет», - деп жауап берді елші ҚазАқпарат тілшісіне Орталық Азия бойынша тұңғыш рет ұйымдастырылған Mini Maker Faire 2018 идеялар жәрмеңкесінде.

Қазақстанда жұмыс істеген үш жарым жыл ішінде Джон Кролдың қазақ ұлттық тағамдры мен музыкасына бойы үйренген.

«Менің Астанадағы резиденциямда қазақтың киіз үйі орнатылған. Күнделікті денсаулығымды нығайту үшін бір стакан шұбат ішемін. Қазақтың халық музыкасын жақсы көремін, домбыра мен қобыздың үні ұнайды. Өз мамандығым тарихшы болғандықтан, қазақтардың тарихы, тұрмысы мен мәдениеті туралы көп ізденемін. Астана - өте заманауи қала, болашақта климаттық қиындықтарға қарамастан, экология мен инновациялар тұрғысынан маңызды қалаға айналады. Алматы - Нью-Йорк тәрізді ескі және өркениетті қала. Мұнда үлкен бизнес, қаржы және шығармашылық орталықтары бар», - деп өз сөзін толықтырды Джон Крол.

АҚШ елшісі кейде танымалдылықтан шаршайтынын да жасырмады. Анда-санда елші ресми костюмды джинсыға айырбастап, Астана көшелерін аралайтынын жеткізді

«Бос уақытым болғанда, қоғамдық көлікке мініп, қала аралағанды ұнатамын. Онда мен өзімді ыңғайлы сезінемін, адамдармен сөйлесемін. Америкалық туы бар лимузинмен жүргенді ұнатпаймын. Бәрі «Мәссаған, АҚШ елшісі!» деп қарайды. Ал Америкада қарапайым Джон Кроллмын. Туыстарым шетелде жұмыс істейтінімді ғана біледі. Нақты қайда жұмыс істейтінімді айтқанда, «Қайда? Ауғанстан ба, Пәкістан ба?» деп сұрайды. Содан оларға Қазақстанның Орталық Азиядағы үлкен мемлекет екенін, ежелгі тарихы мен әсем табиғаты бар екенін айтып беремін. Олар өздеріне бейтаныс ел туралы асқан қызығушылықпен тыңдайды, фотосуреттерді қарайды», - дейді ол.

Джордж Крол Қазақстанның нағыз елшілері - қазақстандық студенттер екенін баса айтты.

«Ағылшын, орыс және қазақ тілдерін жетік меңгерген студенттер - шет мемлекеттерде Қазақстанның нағыз беткеұстарына айналады. Бұрынғы Кеңес одағы аумағында 26 жыл жұмыс істедім. Барлық мемлекеттердің өзіндік ерекшеліктері бар. Бірақ, Қазақстанда өзімді үйде жүргендей сезінемін. Даланы көргенде еркіндікті сеземін. Қазақ далалары АҚШ-тың батысындағы саванналарға ұқсайды. Шымкент, Қызылорда, Тараз маңындағы көне қалашықтар ұнайды. Батыс Алтай қорығы да - ерекше есімде қалған орындардың бірі», - деді Елші.

АҚШ елшісі Америкада қазақ тағамдарын сағынатынын, ал Қазақстанда мұхитты еске алатынын айтты.

«Америкадағы үйім ең кішкентай Род-Айленд штатында орналасқан. Оның бір жағасын Атлант мұхиты шайып жатыр. Астанада қар жауғанда қалаға 15 қабаттан қарап тұрып, үлкен ақ мұхитты елестетемін. Теңіздің ауасын, толқындар мен шағалалар үнін сағынамын. Теңіз өнімдерін жегім келеді. Бірақ, АҚШ-та жүргенде жылқы етін, қымыз бен шұбатты ішкім келеді», - деп күлді Джон Крол.

Бір қызығы, АҚШ елшісіне әлі күнге дейін ұлттық шапан сыйланбапты. Есесіне, көкпарға арналған етік пен қамшыны сыйға алған.

«Өзбекстанда жүргенімде өзбектердің ұлттық шапанын тарту етті. Қазақстанда ешкім шапан сыйлаған жоқ. Сосын өзім қолдан тігілген әдемі шапанды сатып алдым. Одан бөлек, құпия рецептіммен палау әзірлейтін қазаным бар. Қазақша ет салатын ағаш астауым бар. Біз, америкалықтар кофесүйгіш халықпыз ғой, дегенмен сүт қатқан қазақ шәйін де жақсы көремін. Сосын моншаны сағынып жүрмін. Солтүстік өңірде керемет моншалар бар. Жалпы, Қазақстанға келіп, жұмыс істегенімді үлкен сәттілік деп санаймын», - деді Джон Крол.

Алматыда өткен идеялар фестивалінде Джон Крол әрбір жобамен танысып, жас өнертапқыштарға ризашылығын жасырмады. Сұхбат соңында елші қазақстандық жастарға мол табыстарға ұмтылуға кеңес берді.

«Стив Джобстың жолымен жүру - оңай емес. Табысқа жету үшін өзіңе-өзің сенуің керек. Рухани және қаржылық қолдау керек. Капитал керек. Тәуекелге барудан қорықпаңдар дегім келеді. Қиын сынақтар мен қателіктер болса да, мойымау керек. Төзімділік пен табандылық табысқа апарады», - деді елші.

Джордж Крол - Гарвард (АҚШ) және Оксфорд (Ұлыбритания) университеттерінің түлегі. Қазақстандағы АҚШ елшісі қызметіне 2015жылдың 8 қаңтарында тағайындалған. Оған дейін Өзбекстан мен Беларусьтегі АҚШ елшісі болып жұмыс істеген. Сондай-ақ, Джон Крол Варшава, Нью-Дели, Мәскеу, Киев елшіліктері мен Санкт-Петербургтегі бас консулдықта қызмет еткен.

Автор: Майя Теңізбаева

Соңғы жаңалықтар