Қазақстанда жұмыссыздар саны азайып келеді - Мәдина Әбілқасымова

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы жұмыссыздар саны 4,9 пайызды құрайды. Әйелдер мен жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі - 5,4 және 4,2 пайыз. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова ведомствоның кеңейтілген алқа жиынында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2017 жылдың қорытындысы бойынша еңбек нарығының көрсеткіштері толығымен жақсартылды. Жұмыссыздардың саны соңғы 10 жыл ішінде 180 мыңға азайды. Жұмыссыздық деңгейінің тұрақты түрде төмендеп келе жатқаны байқалады. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 4,9 пайызды құрайды. Әйелдер мен жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5,4 және 4,2 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіштер республикамыздың тәуелсіздігі кезеңіндегі ең төмен деңгей», - деді Мәдина Әбілқасымова Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі алқасының кеңейтілген отырысында.

Министрдің айтуынша, бүгінде Қазақстандағы жұмыс күші 8 млн 980 мың адамды құрайды. Жалдамалы жұмыскерлердің саны 1,8 пайызға өссе, өзін-өзін жұмыспен қамтыған азаматтардың саны 4,5 пайызға азайған.

Сондай-ақ, Қазақстандағы бір жұмысшының орташа айлық жалақысы 147 мың 988 теңгеге дейін немесе 3,6 пайызға өскен.

2017 жылдың 11 айындағы бағалау бойынша тұрғындардың жан басына шаққандағы номиналдық табысы 6 пайызға өсіп, 79 мың 727 теңгені құраған.

Айта кетейік, Астанада ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтіп жатыр. Онда 2017 жылы атқарылған жұмыс қорытындылары және Елбасы Жолдауында айтылған тапсырмаларды жүзеге асыру тақырыбы талқылануда.

Соңғы жаңалықтар