Қазақстанда жастар саны кеміп барады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы әзірлеген «Қазақстан жастары - 2017» ұлттық баяндамасының жобасын талқылауға арналған шара өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұлттық баяндама жобасын таныстырған аталған орталықтың ғылыми-әдістемелік бөлімінің жетекшісі Дана Әшімханованың айтуынша, 2017 жылдың басындағы деректерге сәйкес еліміздегі 14 пен 28 жас аралығындағы жастардың саны 3994 464 адамды құраған. Өткен жылмен салыстырғанда жастардың саны 100 мың адамға кеміп отыр. Отбасы құрған жастардың арасында ажырасу дерегі де азая түсуде. Мұнан бөлек, есепті кезеңде елімізден 3278 жас шетелге кеткен. Оның ішінде 7262 жас ТМД елдері ішінен Ресейді таңдаса, Еуропа елдерінен Германияға 592 адам қоныс аударған.

Оның дерегінше, «Мәңгілік ел жастары - индустрияға!» жобасы аясында еліміздің 26 жоғары оқу орнында 12203 жас білім алуда. Олардың алды 2018 жылы оқуларын бітіреді. 2017-2018 оқу жылында техикалық және кәсіптік білім беру бағдарламасы аясында 6 өңірдегі 22 колледжге 420 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылған. 2015-2017 жылдары «Серпін» бағдарламасын 1154 жас бітірген.

Жалпы ұлттық баяндама жастардың демографиялық сипаттамасы, Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдарындағы мемлекеттік жастар саясаты, жастардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы сынды 8 бөлімнен тұрады. Оны дайындауға еліміздің жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары тартылған. Ұлттық баяндама осы жылдың желтоқсан айында Қазақстан Үкіметінің қарауына енгізіледі.

Соңғы жаңалықтар