Қазақстанда заңсыз куәлік берілген 300-ге жуық жүк көлігі тіркеуден шығарылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Экологиялық класы заңсыз өзгертілген 300-ге жуық жүк көлігі мемлекеттік тіркеуден шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің сайтына сілтеме жасап.

Министрліктің Техникалық реттеу және метрология комитеті Қытай Халықтық Республикасында шығарған жүк көліктеріне қатысты заңсыз берілген көлік құралдары құрылымының қауіпсіздігі туралы куәліктерін тексерді. Нәтижесінде 290 автомобильге заңсыз берілген куәліктің күші жойылды. Бұл автомобильдер шұғыл түрде жол полициясы органдарындағы мемлекеттік тіркеуден шығарылды.

Сондай-ақ, жоғарыда аталған куәліктерді берген «Автоцентр-Нурсан» ЖШС сынақ орталығының аккредиттеу аттестаты кері қайтарылып алынды.

ҚХР-да шығарылған Еуро-3, Еуро-2 экологиялық класты жүк автомобильдеріне  «Автоцентр-Нурсан» ЖШС сынақ орталығы Еуро-4 экологиялық класты дәлелдейтін куәліктер бергені тексеріс кезінде анықталды.

Автомобильдердің сәйкестендіру нөмірі мен (VIN) 290 куәліктің тізімі заңға сәйкес тиісті шаралар қабылдау үшін ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетіне жіберілді. Комитет осыған ұқсас құқық бұзушылықтарды анықтау жұмыстарын жалғастырады.

 

Соңғы жаңалықтар