Қазақстанда валюталық бақылау саласындағы қатынастар реттеледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Парламент Мәжілісі «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заң жобасы бойынша жұмысты бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Аталған заң жобасы Мәжіліске 2017 жылғы 28 желтоқсанда енгізілді. Құжат Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру мақсатында әзірленді. Құжат валюталық реттеу және валюталық бақылау саласында туындайтын қатынастарды реттеуді қамтамасыз ететін құқықтық тетіктерді жетілдіруге бағытталған. Комитет осы заң жобасы бойынша 2018 жылғы 26 желтоқсанға дейінгі мерзімде қорытынды әзірлеуге дайын»,  - деді Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарақұсова Палатаның жалпы отырысында.

Бұдан бөлек, жалпы отырыс барысында аталған Комитетке «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне валюталық реттеу және валюталық бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қорытынды әзірлеу тапсырылды.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың 26 желтоқсанында өткен Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев бұл заң жобасын таныстырған болатын.

Оның айтуынша, аталған заң жобасында банктік емес айырбастау пункттеріне Ұлттық банк шығарған құймадағы тазартылған алтынды сатып алу және сату құқығын беру көзделген. «Бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларына клиенттердің тапсырмалары бойынша ішкі валюта нарығында шетел валютасын сатып алу, сату құқығы берілді», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар