Қазақстанда ұялы телефон ұрлығы неге өршіп тұр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда қалта ұрыларының қолына ең оңай әрі ең көп түсетін «олжа» - ол ұялы телефон. Бұны құқық қорғаушылар да растап отыр. Бас прокуратураның жанындағы заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында белгілі болғандай, Қазақстанда тіркелген 100 ұрлық фактісінің 21-і ұялы телефонға қатысты екен.

Бас прокурор Жақып Асановтың төрағалығымен өткен үйлестіру кеңесінің отырысында Ішкі істер министрлігінің мамандары сөз ала отырып, Қазақстанда ұрланған ұялы телефонды табу үшін озық технологиядардың жоқ екенін жеткізді.

«Тіркелетін 100 ұрлық фактісінің орташа есеппен 21-і - ұялы телефонға қатысты. Былтыр еліміз бойынша 44 мың ұялы телефон ұрланған. Көп істің ізі ашылмай қалып жатыр. Сондықтан, 2016 жылы ұялы байланыс операторларымен меморандумға қол қойып, 10 мыңнан аса телефонды бұғаттадық. Бірақ, Қазақстанда қолды болған телефонды табу көп жағдайда өте қиынға соғады»,-дейді Ішкі істер министрлігі криминалды полиция департаментінің басшысы Арманбек Баймурзин.

Бұл қандай қиындық? Ұялы телефон шығаратын кез келген компания телефонның IMEI коды бар деп сатады. Сонда, Қазақстанның құқық қорғаушыларына бірегей код та көмектесе алмай отырғаны ма?

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың өзі бұл сұрақтың орынды екенін, алайда, IMEI-кодқа да қатысты қиындық бар екенін айтып отыр.

«Қандай да бір ұялы телефон ұрланғанда, біз бір телефонды өшіреміз деп басқа 300-400 адамның ұялы телефонын өшіріп аламыз. Себебі, бір маркалы сонша телефонның IMEI кодтары бірдей болып келеді. Дегенмен, бұл мәселені шешетін жолды таптық. Яғни, халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, ұялы телефонға сим-карта салғанда, қосымша төрт таңбалы код орнатуға болады. Бірақ, еліміздегі ұялы байланыс операторларының бәрі біздің бұл ұсыныстан бас тартты. Өйткені, қаржылай бұл ұсынысты тиімсіз деп тапты. Әрине, кейбір кезде контрафакт тауарды сатып, көп пайда көруге болады ғой. Қазір ұялы телефон ұрлаған ұрлықшы 40 минуттан кейін-ақ ол телефонды басқаға сата салады. Ол барып тағы біреуге сатады»,-дейді Қалмұханбет Қасымов.

Астанада мұндай «алыпсатарлардың» көп тұратын жері - «Астаналық» базары («Артем» сауда үйі). Алты қабатты сауда үйдің бірінші қабаты, одан қалса, оның айналасы ұялы телефон сатумен айналысатын саудагерлердің орнына айналған. «ҚазАқпарат» тілшісімен әңгімелескен Нұрлан (сұхбат берушінің өтініші бойынша аты өзгертілді) есімді жігіт бұл «бизнестің» кейбір қырларын айтып берді.

«Ұялы телефон сатып тұратыным үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Жоғары оқу орнын аяқтадым, мамандығым - ядролық физик. Бұл салаға қатты қызығамын, бірақ, оқу аяқтаған соң, мені мамандығым бойынша ешбір жер жұмысқа қабылдаған жоқ. Жұмыссыз жүру ата-анам үшін, достарым үшін, ең бастысы - өзім үшін өте ауырға соғып кетті. Содан, кез келген қара жұмысқа дайын едім. Осылайша, бір досымның арқасында осы ұялы телефон сата бастадым. Ол шамамен 2012-2013 жылдар еді. дағдарыс енді басылып, халық былай айтқанда «понттарға» қызыға бастаған кез. Біреу әкеліп (мүмкін ұрлап әкеліп) арзанға сатқан ұялы телефонды біз келесі бір адамға екі, тіпті, үш есе қымбатқа сататынбыз. Осылайша, телефон саудасына кіріп кеттім. Әрине, мойындаймын, саудамыздың тең жартысы - ұрланған телефон. Бірақ, бір ұрланды ма, ол телефонды құқық қорғау органдары табады дегенге сену қиын. Тек, iPhonе-дар болмаса. Менің осы 5 жылдық тәжірибемде ұрланған телефонды тапқан бір ғана оқиға болды. 2014 жылы Көкшетау қаласына тойға бардым. Тойда ұялы телефон сататынымды білетін бір таныс адамдар келіп, «тойға ақшасыз келіп едік, қатты қысылып тұрған соң сатып тұрмыз, ақшаң болса, мына телефонды алшы» деп, өте қымбат телефонды көрсетті. Қуаты біткен екен, бірақ, қуаттағыш алып, қосып едім, қосылды. Сосын, күмәнданбай, әлгілер ұсынып тұрған арзан бағаға алып, одан үш есе қымбатқа сатайын дедім. Сауда жасастық, той тарқады, мен Астанаға аттандым. Жексенбі болатын, сауда жақсы жүретін болған соң, түнімен ұйықтамай келсем де, жұмысыма бардым. Әлгі қымбат телефонды қуаттандырып, ақырын сауда жасай бастадым. Кенет сағат үштер кезінде сауда орнымызға полиция келді. Ара-тұра болып тұратын тексеріс шығар деп едік, телефон іздеп жүргенге ұқсады. Содан, менің бутигіме жақындағанда, тауарларымды ұсына бастадым. Бір кезде тойда жүріп сатып алған ұялы телефонымды ары-бері қарап, сөзге келместен мені участокқа алып кетті. Қатты шошыдым. Қайдан алғанымды, сағат нешеде сатып алып, нешеде осында келгенімді, тіпті, тойда түскен суреттерімді көрсеттім. Сөйтсем, ол телефон өкінішке қарай, қарақшылардың қолымен зорланып, солардың қолынан қаза тапқан жап-жас көкшетаулық қыздың телефоны екен. Өте ауыр қылмыс болған соң, бүкіл полиция аяғынан тік тұрған көрінеді. Телефонды айғақ ретінде алып кетті, мен бір күн қамауда отырып, кепілдікпен және ешқайда кетпеймін деген қолхат жазып, шықтым. Ұрыларды екі тәуліктен кейін ұстады, маған сатқан екі жігіт пен тағы ең басты екі қылмыскер ұсталған. Телефонды сатқан екі жігіт қылмыс жасап, тығылып отырған екі досының өтінішін орындаған болып шықты. Міне, күніне қаншама телефон алып, телефон сатып жатсам да, бұдан басқа IMEI -кодымен телефон тапқан оқиғаны көрген жоқпын»,-дейді Нұрлан.

IMEI-код демекші, ІІМ Криминалды полиция департаментінің директоры Баймурзиннің айтуынша, Қазақстан бойынша ұрланған телефондардың IMEI-код базасы 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап іске қосылады екен. Алайда, енді ұрылар телефонды Қазақстанның ішінде емес, шетелдерге сататын болыпты. «IMEI-кодтардың базасы іске қосылады деп отырғанда, мына бір проблемаға тап болдық: енді ұрылар телефонды шетелге сататын болыпты. Мысалы, Атырау облысының ішкі істер департаменті жуырда қылмыстық топты қолға түсірді. Олар ұрлаған телефондарын Қырғызстанға сатып келген. Барлығы сондай 105 телефон тіркелді»,-дейді Баймурзин.

Ал,  Бас прокурор Жақып Асанов: «Қазақстанда ұялы телефонның бағасы неге судай деп ойлаймыз, бірақ, осындай схемамен сатылып отырса, әрине арзан болады. Егер бұған бұдан былай да көз жұма қарасақ, біз контрабанданы қолдаймыз деген сөз» дейді.

Айта кетейік, IMEI-код дегеніміз - ұялы телефонның халықаралық идентификаторы. Яғни, әр аппараттың бірегей 15-разрядтық номері.

Соңғы жаңалықтар