Қазақстанда үш жылдың ішінде 100 мектеп пен колледж директоры сотталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев «Sanaly urpaq jarqyn bolashak» форумында еліміздің мектептері мен жоғары оқу орындарында жемқорлықтың жиі кездесу себептері туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алик Шпекбаевтың айтуынша, сыбайлас жемқорлық әрекеттері рұқсат беру  рәсімдерінің көптігімен тығыз байланысты.

«Бұл мұғалімдерінің ұстаздық санат алуы, қосымша тарифтер мен сағаттарға ие болуы, сонымен қатар, мемлекеттік сатып алулардағы жемқорлық фактілері болып келеді. Соңғы 3 жылда білім саласындағы 687 жемқорлық фактісі тіркелген, 226 адам сотталды. Сотталғандардың арасында 82 мектеп, 17 колледж, 70 балабақша жетекшісі, 29 білім бөлімі басшысы бар. Сыбайлас жемқорлық фактілерінің саны бойынша көшбасшы - Оңтүстік Қазақстан облысы. Жоғарғы оқу орындарында 14 миллиард теңге көлемінде 100-ден астам қаржылық бұзушылық тіркелді. Сонымен қатар, университеттердің грант бөлу жұмыстарында да жемқорлық әрекеттер байқалған», - деді Алик Шпекбаев.

Оның айтуынша, қазір Агенттік сыбайлас жемқорлықтың алдын-алумен қатар оның себептері мен алғышарттарын анықтауға және жемқорлықтың  зардаптарын жоюға тырысуда.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте табысқа жетудің жолы - күмән тудырмайтын басқарушылық шешімдердің ашықтығы мен анықтығы. Кез келген қызмет қарапайым және түсінікті болуы керек. Білім беру саласы сыбайлас жемқорлық оқиғалары өсіп келе жатқан қауіпті салаға айналуда. Президент тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдар қазір бұл саладағы еңбекақыны көбейтуді қолға алды», - деді Алик Шпекбаев. 

Соңғы жаңалықтар