Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы реформаланады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының дамуына кедергі келтіретін негізгі мәселелер талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қордаланған мәселелерді шешу мақсатында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын реформалау бойынша арнайы жұмыс тобы құрылған. 

«Бүгінде пәтер иелері мен басқару органдарының өзара қарым-қатынасы өзекті мәселе болып отыр. Салдарынан бұл салада көптеген өзекті мәселелер қордаланып жатыр.  Мәселен, ағымдағы жинақ шотының болмауы, басқару органдары қызметінің айқындалмауы, үй-жай иелерінің басқарушы органға сенбеуі, тұрғын-үй инспекциясы органдарының өкілеттіктерінің толық көлемде болмауы, басқару органдарының негізгі міндеттерінің заңда көрсетілмеуі, басқару органдары жетекшілерін өз қызметтерінен босату мәселесі», - деді «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ Тұрғын үй шаруашылығы департаментінің директоры Мәдина Мурсакина Астанада өткен «ТКШ-ЭКСПО 2017» халықаралық форумында.

Оның айтуынша, дәл осы мәселелердің бірнеше жылдан бері шешілмей келуі азаматтардың наразылығын туғызып отыр. Одан бөлек, көптеген басқару органдары мен пәтер иелері қазіргі заңнамадағы нормаларды сақтамайды. Осыған орай, Тұрғын үй шаруашылығын реформалау бойынша арнайы тұжырымдама жобасы әзірленген.

«Мемлекет басшысы мен Премьер-Министрдің тапсырмаларына және Парламент Мәжілісінің ұсыныстарына сәйкес, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын реформалау бойынша тұжырымдама жобасы әзірленген. Жобаны мекемеаралық комиссия мақұлдады және Инвестициялар және даму министрлігі жанынан жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобына пәтер иелері кооперавтиві қауымдастықтарының, өңірлер мен түрлі мекемелердің және басқарушы компаниялардың сарапшылары енді», - деп атап өтті сарапшы.

М.Мурсакинаның мәлімдеуінше, аталған реформа үш негізгі бағыт бойынша жүргізіледі.

«Бірінші бағыт - басқару органдарының қызметін және ортақ нысанды ұстау, рәсімдеу тәртібін реттеу.  Екіншісі - жергілікті атқару органдарының тұрғын үй инспекциясы қызметінің рөлін күшейту және үшінші бағыт - тұрғын үй және тұрғын үй-құрылыс кооперативтерінің қызметін ұйымдастыруды жетілдіру», - деді ол.

Сарапшы келтірген деректерге сәйкес, жергілікті атқару органдары Қазақстанда 78 402 көп пәтерлі тұрғын үйдің бар екенін хабарлаған. Бірақ, ресми статистикалық мәліметтер бойынша, бұл көрсеткіш айтарлықтай көбірек: 20 пәтерге дейінгі көпқабатты тұрғын үйлер саны - 270 мың, ал 20 пәтерден жоғары үйлер - 33 мың.

«Еліміздің көп пәтерлі баспана қорындағы 52 мың үй қалыпты жағдайда,  3% - апатты жағдайда және 26% - күрделі жөндеу жүргізуді қажет етеді», - деп өз сөзін толықтырды сарапшы.

Айта кетейік, Қазақстанда 2011 жылдан бастап тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылды. Бағдарлама аясында көп қабатты тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаражат бөлінді.

«Шамамен 33,5 млрд теңге бөлініп, 2 669 үй - жалпы тұрғын үй қорының 3,4 пайызы ғана күрделі жөндеуден өтті. Сонымен бірге, біздің заңда (ҚР Тұрғын үй қатынастары туралы Заңы) пәтер иелерінің 0,02 АЕК көлемінде жинақ шотына ақша жинау қажеттігі көрсетілген. Алайда,  аталған норма іске асырылып жатқан жоқ және арнайы құрылған жұмыс тобы бұл норманы қайта қарайды», - дейді М.Мурсакина.

Соңғы жаңалықтар