Қазақстанда тұңғыш кәсіби жеңіл атлетика клубы ашылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өскеменде «Altay athletics» кәсіби жеңіл атлетика спорт клубы ашылды. Елімізде тұңғыш рет ашылып отырған клубтың құрамына Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова да мүше болып кірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат»ХАА тілшісі ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алғашқы кәсіби клуб Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың тапсырмасымен жазда құрылған. Клубтың ресми түрде көптен күткен ашылуы бүгін болып өтті. Шара барысында өңір әкімі Олимпиада чемпионы Ольга Рыпаковаға «2016 жылдың Үздік спортшысы» атты жеңіл атлетикадан Азия Федерациясының кубогін табыстады.

«Аймағымыздағы спорттың жаңа серпін алғанына өте қуаныштымыз. Мұны біздің белді спортшымыз Ольга Рыпакованың бастағаны қуантарлық жағдай. Барлық балалардың спорттың жай ғана қызығушылық емес, елінің лайықты, кәсіби азаматы болуына үлкен мүмкіндік екенін түсінсе деймін. Алдағы жылдарда «Алтай» брендін күллі әлем таныса деген ойдамыз», -деді Даниал Ахметов.

null

Өз кезегінде, Ольга Рыпакова өңіріміздегі аталмыш спорт түріне қолдау танытқаны үшін облыс әкіміне алғысын білдірді.

Айта кетейік, клуб құрылғаннан бері (осы жылдың 28 маусымы) «Гаухар Лигасында» Ольга Рыпакова алтын медаль, Каролин Кипкируи күміс жүлде және Нора Джерута қола медаль иеленіп үлгерген.

Аталмыш клуб еуропалық спорт клубтарының ішіндегі алдыңғы қатарлы, 94 жылдық тарихы бар «LC Zurich» клубымен бірлесе жұмыс атқаратын болады. Қазірдің өзінде «Altay athletics» пен «LC Zurich» меморандумға қол қойған.

Клуб мүшелерінің құрамына Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова, сонымен қатар Варвара Назарова және Артур Гафнер сынды шығысқазақстандық жас спортшылар енді. Сондай-ақ, ҚР жеңіл атлетиканың дамуына серпін беру үшін жобаның алғашқы бастамасында кениялық спортшылар клубқа мүше болып кірді. Клубтың Бас менеджері 30 жылға жуық уақыт халықаралық ірі спорт ұйымдарында жұмыс атқарған Гвидо Тоньони болып табылады.

null 

Соңғы жаңалықтар