Қазақстанда «Туған жер» бағдарламасы қолға алынады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Бүгін «Егемен Қазақстан» республикалық  газетінде шыққан ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында осылай делінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады. Мәселен, «Ауылым - әнім» атты әнді  айтқанда, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп шырқайтын едік қой. Бажайлап қарасақ, бұл - мағынасы өте терең сөздер. Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы - шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер - әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен  салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу - шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», - деп түсіндірді Мемлекет басшысы.

Елбасының пайымынша, бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі. Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті.

«Туған жерге деген сүйіспеншілік нені білдіреді, жалпы, бағдарламаның мәні неде? Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді  абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс»,-деп жазады Президент.

Осы орайда екінші бағытта басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау жасау қамтылып отыр.

«Үшінші, жергілікті билік «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелілікпен қолға алуға тиіс. Бұл жұмысты өз бетімен жіберуге болмайды, мұқият ойластырып, халыққа дұрыс түсіндіру қажет. Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-құрметтеудің түрлі жолдарын табу керек. Бұл жерде де көп жұмыс бар.  Осы арқылы қалаларды көгалдандыруға, мектептерді компьютерлендіруге, жергілікті жоғары оқу орындарына демеушілік жасауға, музейлер мен галереялар қорын байыта түсуге болады.   Қысқаша айтқанда, «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады»,-дейді Н. Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар