Қазақстанда Татар және башқұрт конгресі құрылды

None
None
АСТАНА.ҚазАқпарат - Қазақстанның татар және башқұрт конгресінде екі ірі республикалық ұйым - Қазақстан татар және башқұрт қауымдастығы мен «Идеал» Қазақстан Республикасы татар және татар-башқұрт қоғамдық және мәдени орталықтар қауымдастығы бірікті. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі хабарлады.

Астанада ҚР татар және башқұрт этномәдени ұйымдарының қатысуымен конгрестің құрылтай конференциясы өтті. Шара барысында негізгі құжаттар: Конгрес қатысушыларының құрамы, жарғы, мүшелік пен жарналар туралы ереже қабылданды.


Қазақстан татар және башқұрт конгресінің төрағасы болып бірауыздан Тауфиқ Кәрімов сайланды. Оның орынбасарлары Ринат Әбдіхалықов, Ғабдулхай Ішмұратов, Рафик Валиев.

Айтулы оқиғамен қазақстандықтарды Қазаннан келген Дүниежүзілік татар конгресінің атқарушы комитетінің төрағасы Ринат Закиров пен Қазақстандағы Татарстан өкілетті өкілі Рүстем Валиуллов құттықтады. Конференция қатысушылары атап өткендей, Конгресс алдында үлкен міндет тұр, ол - көпұлтты Қазақстан халқының бейбітшілік пен келісімі негізінде татар мен башқұрт бірлігін қамтамасыз ету.


Еске салсақ, 2016 жылдың басында Астанада Қазақстан татар және башқұрт қауымдастығы мен «Идеал» Қазақстан Республикасы татар және татар-башқұрт қоғамдық және мәдени орталықтар қауымдастығының құрамына кіретін этномәдени бірлестіктер басшыларының кездесуі өтті. Күн тәртібінің негізгі тақырыбы бірыңғай республикалық ұйымдастыру құрылымын біріктіру және құру. Мәжіліс қорытындысы бойынша дайындық жұмысымен айналысатын ұйымдастыру комитеті құрылды.

Соңғы жаңалықтар