Қазақстанда Табиғи ресурстар туралы мәліметтер банкі құрылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда Ресурстар туралы ұлттық мәліметтер банкі құрылады. Бұл туралы ІХ Орталық Азия тау-кен өнеркәсібі форумында ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта мемлекет «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын қабылдағанын, цифрландырудың жаһандық тренді жүріп жатқанын білесіздер. Ол жер қойнауын пайдалану саласын да айналып өте алмайды. Біздің жер қойнауы туралы ұлттық мәліметтер базасын құру идеямыз өзгертіліп, оған жаңа мүмкіншіліктер толықтырылатын болады», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, жер қойнауын пайдаланушылар интерактивті картадан бос учаскелер, олардың зерттелуі туралы ақпараттар ала алды. Сонымен қатар ол сол учаскені игеруге ниеті болса, онда жер қойнауын пайдалану лицензиясын электронды түрде рәсімдейді.

«Бізде электронды үкіметке сілтеме бар. Демек, жер қойнауын пайдаланушыларға лицензияға өтінім беру үшін өте көп құжаттарды жинаудың қажеті жоқ. Электрондық үкіметте тұрған құжаттар автоматты түрде жүйемен енгізіледі. Оларды жүйеден бірден тауып, құжаттарды рәсімдеу барысында анықтама ұсынудың қажеті жоқ. Оны мемлекет өзінің басқа ақпараттық жүйелерінен ала алады. Бұл инвестордың әлеуетті учаскені зерделеу және лицензия рәсімдеу жұмысын жеңілдетеді», - деді Тимур Тоқтабаев.

Осы ретте ол мәліметтер банкін құру жұмыстары осыдан бірнеше жыл бұрын жоспарланғанын еске салды.

«Осы жылдың соңына дейін жүйені қашықтан рәсімдеу жүйесі іске қосылады. Бюрократтық процедураларсыз, шенеунікпен байланыспай-ақ онлай рәсімдеуге мүмкіндік туады. Одан ары мәліметтер базасын геологиялық ақпараттармен толықтыру жүргізіледі», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар