Қазақстанда сот санкциясы электронды түрде беріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда сот санкциясы электронды түрде беріледі. Бұл туралы бүгін 2017 жылдың 1 жартыжылдығында сот төрелігін жүзеге асыру қорытындыларына арналған республика судьяларының кеңейтілген отырысы аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Жоғарғы соты департаментінің басшысы Нұрсерік Шәріпов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шілде айының 17-сінен бастап республиканың барлық бірінші сатыдағы соттарында электронды сот бұйрығын енгіздік. Яғни, сотқа жүгіну қағаз түрінде емес электронды түрде болады. Мәселен, коммуналдық мекеме белгіленген тәртіппен электронды түрде сотқа жүгінеді.  Өтініш электронды түрде түскеннен кейін кеңседе тиісінше тіркеуден өтіп, судьяның компьютеріне келеді. Судья қарап, бұйрық шығаратын негіз болса, оны электронды түрде шығарып қайтадан кеңсеге жөнелтеді. Ал кеңседен арызданушыға электронды түрде жіберіледі. Бұл жерде ешқандай қағаз айналымы болмайды», - деді ол.

Оның айтуынша, ендігі уақытта Жоғарғы сот электронды санкция беру мәселесін қолға алған.

«Тиісті материалдар прокуратурадан сотқа электронды түрде түседі. Онымен танысқаннан кейін егер санкция берілетін болып шешім қабылданса, санкция өтініш берген органға электронды түрде жіберіледі.  Қазіргі уақытта мұны да ілкі жоба ретінде енгіздік. Алдағы үлкен мақсатымыз электронды сот мәжіліс залы болып отыр. Қазіргі уақытта оның жоспарын құрып,  техникалық жағынан қамтамасыз етіп жатырмыз, ал бағдарлама жағынан қамтамасыз етіп қойдық. Ол «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда», - деді Н.Шәріпов.

Департамент басшысының айтуынша, аталған жоба аясында судьяның, сотқа қатысушы адвокат пен прокурордың алдында бір жүйеге тіркелген компьютор болады. Қаралатын іске қатысты барлық тергеу материалдары монитордан шығып тұрады.

«Бұл жобамен қазір біз тыңғылықты айналысудамыз. Жылдың соңына дейін қосамыз деген жоспарымыз бар», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар