Қазақстанда сирек кездесетін әрбір жануарды сақтаудың арнайы бағдарламасы болуы қажет - БҰҰ ДБ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - БҰҰ Даму бағдарламасының сарапшылары сирек кездесетін жануарлардың әрбір түрі бойынша арнайы бағдарламаны қабылдау қажет деп санайды. Осы орайда олар Ресей Федерациясының тәжірибесін қолға алуды ұсынып отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде Қазақстанда жануарлар мен өсімдіктердің түрлеріне қарай жеке-жеке сақтау бағдарламалары жоқ. Бұл - үлкен кемшілік. Мәселен, Еуропа елдері былай тұрсын, көрші отырған Ресейдің өзі жабайы өгіз, яғни зубрдың санын көбейтудің арнайы бағдарламасын қабылдады. Соның арқасында жабайы өгіздердің саны өсіп келеді. Ресей президенті жеке өзі осы мәселені бақылап келеді», - дейді БҰҰ ДБ биоалуандылықты сақтау жобаларының менеджері Талғат Кертешев.

Оның айтуынша, қазіргі кезде БҰҰ ДБ ауыл шаруашылығы үшін қоқиқаз, құлан, Пржевальский жылқысы және тағы басқа жануарлар бойынша арнайы бағдарламаларды даярлап жатыр. «Бізде биоалуандылықты сақтаудың 2030 жылға дейінгі арнайы стратегиясы бар. Қызыл кітапқа енгізілген жануарлардың әрбір түрі бойынша жеке-жеке жұмыс жасау қажет деп санаймыз. Сонда ғана келер ұрпаққа сирек кездесетін жануарларды қаз-қалпында тапсыра аламыз», - деп атап көрсетті ұйым мүшесі.

Соңғы жаңалықтар