Қазақстанда сібір жарасының таралуына сапасыз екпе себеп болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен жылы Қазақстанда сібір жарасының таралуына сапасыз екпе себеп болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2016 жылы сібір жарасының Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарында бес ошағы тіркелді. Осы орайда аталған індетке қарсы егілген вакциналардың үлгілері Украина мен Эфиопияның халықаралық референттік зертханаларына сараптамаға жіберілді. Зерттеу нәтижелері вакциналардың тиісті параметрлерге сәйкес келмейтіндігін растады. Материалдар құқық қорғау органдарына жолданып, екпені жеткізуші тарап өз міндетін адал атқармайтын компания ретінде танылды»,-деді Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов.

Оның сөзіне қарағанда, сапасыз вакцинаны жеткізуші 71 млн. теңге сомасындағы барлық 13 млн. дозаны ауыстырды.

«Осындай жағдайға жол бермес үшін мемлекеттік сатып алулар туралы шартқа тапсырыс беруші белгілеген зертханаларда жеткізуші тараптың есебінен екпе сапасын міндетті тексеру нормасы енгізілді»,-деді вице-министр.

Белгілі болғандай, егер де өткен жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша жануарлар індетінің 36 ошағы тіркелсе, ағымдағы жылы 23 ошағы анықталды, яғни 36 пайызға төмендеу байқалды.

«2017 жылдың ветеринарлық-профилактикалық іс-шараларына сәйкес, 17 аса қауіпті ауруларға қарсы 150 млн. екпе жасау жоспарланған. Оның ішінде жыл басынан қазіргі кезеңге дейін 60 млн. екпе қарастырылған»,-деді вице-министр.

Мұнымен қоса, жануарлардың аса қауіпті ауруларына қатысты 70 млн. диангностикалық тексеру жүргізу жоспарға енгізілді.

Соңғы жаңалықтар