Қазақстанда саусақ іздерін міндетті тапсыру талаптары айқындалады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу - Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін орындау тұрғысында енгізілмек. Бұл туралы бүгін ҚР Парламент Мәжілісінде «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заң жобасын таныстыру барысында ҚР Ішкі істер вице-министрі Рашид Жақыпов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Заң жобасының мақсаты - дактилоскопиялық және геномдық ақпарат негізінде адамның тұлғасын сәйкестендіруді нақтылаудың құқықтық негіздерін бекіту. Көрсетілген міндеттерге сәйкес, мемлекеттік дактилоскопиялық және геномдық тіркеудің құқықтық негіздерін, негізгі түсініктерді, ұстанымдарды, ақпаратты жинау мен өңдеуге тиісті талаптарды айқындау ескерілген. Дактилоскопиялық ақпарат тұрғысында адам қолы саусақтары папиллярлы өрнектерінің құрылысы туралы биометрикалық мәліметтер қамтылады. Бұл өз кезегінде адамды және оның жеке мәліметтерін анықтауға мүмкіндік береді. Геномдық ақпарат дегенеміз, бұл адам ДНҚ-сының белгілі бір фрагменті туралы кодталған деректерді жинайды. Заң жобасында дактилоскопиялық және геномдық тіркеуге жататын тұлғалардың тобы, сондай-ақ оны жинайтын және сақтауға жауапты мемлекеттік органдардың толық тізбесі анықталады»,-деді Р. Жақыпов.

Оның сөзіне қарағанда, 1992 жылы Қазақстан құжаттардың биометрикалық параметрлері туралы халықаралық келісімді ратификациялады. Қазіргі кезде тұлғаны куәландыратын 11 құжаттың жетеуінде биометрикалық көрсеткіштерді енгізу қарастырылады. Біздің төлқұжаттар мен жеке куәліктерде электронды чиптер бекітілген, бұлар арқылы биометрикалық мәліметтерді енгізуге болады.

Вице-министрдің айтуынша, дактилоскопикалық тіркеу төлқұжат пен жеке куәлікті немесе теңізшінің жеке куәлігін рәсімдеу кезінде іске асырылады. Балалар 12-ден 16 жасқа дейін төлқұжат алған кезде олар өз еркімен немесе атан-анасының келісімімен дактилоскопикалық тіркеуге жатады. 12 жастан кіші балалар бұндай тіркеумен қамтылмайды. Сонымен қатар шетелдіктер виза алған кезде саусақ іздерін тапсыратын болады. Бұдан бөлек, дактилоскопикалық тіркеу босқындарға, еңбек мигранттарына, Қазақстанда тұратын шетелдіктерге қатысты ескеріліп отыр.

Атап айтқанда, дактилоскопикалық ақпаратты жинақтау ішкі істер органдарына жүктелмек.

Соңғы жаңалықтар