Қазақстанда санитарлық ережелер мүлдем болмауы мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы уақытта елімізде санитарлық ережелерді мүлдем алып тастау жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде өндірістік бақылау енгізіле бастады. Соның негізінде біз санитарлық ережелерді мүлдем алып тастауды жоспарлап отырмыз. Себебі өндірістік бақылаудың арнайы бағдарламасы болады. Ол ХАССП (Hazard Analysis and Critical Control Point -қатерлерді талдау мен қауіпті салаларды анықтау) принциптеріне негізделеді. Бұл дегеніміз, әрбір өндіріс бойынша қауіп-қатерлер анықталады. Қазір бәрін типтік сипатта жасайтын кеңестер одағы емес қой. Сондықтан қауіп-қатерлерді анықтап,соның алдын алу шараларына негізгі басымдық беріледі», - дейді ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбарсы- Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин.

Оның айтуынша, ХАССП-тың негізгі мақсаты - кәсіпкердің жеке жаупкершілігін көтеріп, өзін-өзі бақылау принципін енгізу. Дегенмен, қауіп-қатерлерді анықтау жұмысы аясында санитарлық қызмет тексеріс жүргізеді. Ол жайында кәсіпкерге жарты жыл бұрын ескерту жасалады.

«Сонда ол тиісті жөндеу жұмыстарын жасап, өз өнімін ретке келтіре алады. Міне, осындай алдын алу шараларын дамытқан жөн. Дегенмен, кәсіпкерлердің 43 пайызы оған әлі күнге дейін немқұрайлы қарайды», - деп атап көрсетті Бас санитарлық дәрігер.

Айта кетейік, осы уақытқа санитарлық ережелердің саны 700-ден 67-ге дейін азайған. Осылайша, аталған ережелер он есеге қысқарып отыр. Ал санитарлық ережелерде көрсетілген талаптардың саны алты жылдың ішінде 14 мыңнан 3,5 мыңға дейін азайды.

Соңғы жаңалықтар