Қазақстанда сандық қолтаңбасыз алынатын мемқызметтер саны көбейеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда электронды сандық қолтаңбасыз алынатын мемлекеттік қызметтер саны көбейеді. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жеке ұйымдар мен үшінші тұлғалар үшін электронды үкіметтің веб-порталы арқылы азаматтан жеке мәліметтер алуға сұраныс тетігі енгізілетін болады. 1 шілдеден бастап электронды үкіметтің веб-порталынан 20 мемлекеттік қызметті электронды сандық қолтаңбасыз алу мүмкіншілігі жасалады. Біз бұл жұмыстарды одан ары да жалғастырамыз. Бұл қызметтердің санын тұрақты түрде ұлғайта береміз», - деді Дәурен Абаев.

Оның айтуынша, мемлекеттік қызметтерді белсенді көрсету ұстанымын ауқымды түрде жүзеге асыру 2018-2020 жылдары «Сандық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асыру жоспарланған. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызмет көрсетудің аталған нысанын заңнамалық тұрғыда бекіту бойынша ұсыныс әзірленген.

«Бұған қоса, қазіргі уақытта Е-үкіметте куәландырушы құжаттың мерзімі өткендігі, әкімшілік айыппұл салынғаны, балабақша кезегі нөмірінің өзгергендігі туралы хабарламалар жұмыс істеп тұр. Мемлекеттік корпорация мемлекеттік қызметтердің белсендірек көрсетілуіне сараптама жасады. Нәтижесінде құрамына шамамен 100 қызмет кіретін 7 санат анықталды. Яғни, бұл қызметтерді мемлекет белсендірек көрсете алады», - деді министр.

Айта кетейік, бұған дейін Дәурен Абаев ағымдағы жылдың шілде айынан бастап «Е-Үкімет» веб-порталынан 20 қызметті электронды қолтаңбасыз алуға болатындығын мәлім еткен болатын.

Соңғы жаңалықтар