Қазақстанда прокурордың сотқа қатысуы азайып келеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда прокурордың сотқа қатысуы 7,8 пайызға қысқарды. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының іске асырылу барысына арналған баспасөз мәслихатында ҚР Жоғарғы соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұрсерік Шәріпов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес, Жоғарғы сотқа барлығы 10 қадамды іске асыру жүктелді. Осы 10 қадамның барлығы 2015-2016 жылдары табысты іске асырылды», - деген ол бірқатар нақты көрсеткіштерге де тоқталды.

Мәселен оның айтуынша, соттардағы азаматтардың істердің жалпы өту мерзімі 2 есеге қысқарып, олардың 83,5 пайызы бірінші сот отырысында аяқталған. Бұйрықтық өндірістегі істердің саны 25 пайызға, дауларды шешудің балама әдістерін қолдану арқылы аяқталған істер үштен бірге, ал медиацияны пайдалану арқылы аяқталған істер 1,6 есеге ұлғайған.

«Азаматтық істердің 62,5 пайызы тараптарды сотқа шақырмастан-ақ жеңілдетілген өндірістік тәртіппен қаралады. Прокурорлардың сотқа қатысуы 7,8 пайызға қысқарды. Қылмыстық сот өндірісінде келісімге келу өндірісінде қаралған істердің саны 43 пайызға, қысқартылған тәртіппен қаралған істер 3,5 есеге артты. Медиацияны қолдану арқылы аяқталған істер 2,5 есеге көп болды», - деді Нұрсерік Шәріпов. Оның дерегінше, алқа билердың қатысуымен қаралған қылмыстық істер саны 28 пайызға көбейіп отыр. Сонымен қатар елімізде «түрме халқының» саны да айтарлықтай қысқарған.

Соңғы жаңалықтар