Қазақстанда пішіні сопақ тиындар айналысқа шықты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық банкі 13 қыркүйек күні номиналы 500 теңгелік «Алтын дән даласы» және «Грейг қызғалдағы» ескерткіш күміс монеталарын айналысқа шығарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.



«Алтын дән даласы» монетасының бет жағында (аверсінде) мемлекеттік тілдегі «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ» деген жазбаның қоршауында Қазақстан Республикасының Елтаңбасы, монета дайындалған металды, оның сынамасы мен салмағын білдіретін «Ag 925 31,1 g» жазуы және орыс тілінде «РЕСПУБЛИКА КАЗАХСТАН» жазуы бар. Төменгі бөлігінде шақаның номиналын білдіретін «500 ТЕҢГЕ» деген жазба орналасқан. Айналдыра ұлттық ою-өрнек бейнеленген.

Монетаның сырт жағында (реверсінде) кішіпейілділік пен қонақжайлылық нышаны ретінде стильдендірілген даланың аясында  қолына таба нан ұстаған, ұлттық киімдегі бойжеткен бейнеленген. Сол жақ бөлігінде «АЛТЫН ДӘН ДАЛАСЫ» жазуы бар күннің бейнесі және соғылған жылын білдіретін «2017» таңбасы орналасқан. Оң жағында алтын түсті бидай масағы және Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі көрсетілген.

Шақаның екі жағындағы бейнелер мен жазулар бедерлі, айналдыра шығыңқы жиек жүргізілген. 925 сынамалы күмістен жасалған, салмағы - 31,1 грамм, диаметрі  - 38,61 мм,  дайындау сапасы - «proof», таралымы - 3 мың дана.



«Грейг қызғалдағы» монетасының пішіні сопақ. Бет жағында (аверсінде) Жер ғаламшарын мекен ететін адамдарға оған ұқыпты қарау қажеттігін білдіретін алақанның стильдендірілген бейнесі, монетаның номиналын білдіретін «500  ТЕҢГЕ» жазуы, монета дайындалған металды, оның сынамасы мен салмағын көрсететін «Ag 925  24 g» жазуы бар. Жоғары бөлігінде Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің логотипі орналасқан. Монетаны айналдыра екі тілде «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» және «NATIONAL BANK OF KAZAKHSTAN» деп жазылған. 

Монетаның реверсінде Грейг қызғалдағының түрлі-түсті бейнесі орналасқан. Монетаны айналдыра «ГРЕЙГ ҚЫЗҒАЛДАҒЫ» және гүлдің латын тіліндегі зоологиялық атауы «TULIPA GREIGII» деген жазу бар. Соғылған жылын білдіретін «2017» саны таңбаланған.

Шақаның екі жағындағы бейнелер мен жазбалар бедерленген, айналдыра шығыңқы жиек жүргізілген. 925 сынамалы күмістен жасалған, салмағы - 24 грамм, сопақша 38,61 х 28,81 мм, дайындау сапасы - «proof», таралымы - 3 мың дана.

Ескерткіш монеталарды «ҚР Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны дайындады.

Номиналы 500 теңгелік монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ шоттарға, салымдарға, аккредитивтерге есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.

Оларды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің барлық филиалдарында, сондай-ақ «Монеталардың Интернет-дүкені» www.nationalbank.kz ҚРҰБ сайтының интернет-дүкені арқылы сатып алуға болады.

 

 

 

 

Соңғы жаңалықтар