Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны кеміп келеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны кеміп келеді. Бұл туралы экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Жақсыбек Құлекеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Соңғы жылдары Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың саны жалдамалы жұмыстардың артуына байланысты төмендеуде. 2016 жылғы деректерге сәйкес, Қазақстандағы өзін-өзі жұмыспен қамту деңгейі 25,8 пайызды құрайды. Егер салаларға бөліп қарасақ, онда бүгінде ауыл шаруашылығында өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 42,7, көлікте шамамен - 10, құрылыста 8,4 пайызға тең», - деді ол «Жұмыспен қамту қоғам әл-ауқатының факторы ретінде» деген тақырыппен өткен конференцияда.

Осы ретте Жақсыбек Құлекеев елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық үлесінің жылдам өскен себебіне де тоқталды.

«Бұл ел экономикасының жалпы жай-күйімен байланысты жайт. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың басым бөлігі Оңтүстік, Жамбыл, Алматы және Қызылорда облыстарында қоныстанған. Аталған өңірдің үлесі 51 пайызды құрайды. Сондықтан осы өңірлердегі ахуалға зерттеу жүргізіп көрдік. Зерттеуге 2 800 отбасы қатысты. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың сипаттамасын ұсынсам, алдымен 74 пайыз ауыл тұрғындарын зерттедік. Себебі өзі-өзін жұмыспен қамтығандардың басым бөлігі ауылда, 26 пайызы қалада тұрады. Сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі орта жастағы адамдар. Мәселен, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың 53 пайызы 35 пен 54 жас аралығында. 82 пайызының толыққанды отбасы, басым бөлігінің тұратын баспанасы бар», - деді экономика ғылымдарының кандидаты.

Оның дерегінше, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың 43 пайызының базалық білімі бар. Қалған 57 пайызы орта немесе жоғары білім алған, арасында педагог  дипломы барлардың саны басым.  Сұрау салынғандардың 30 пайыздан астамының тұрақты табысы бар.

Фото: primeminister.kz

Соңғы жаңалықтар