Қазақстанда осы аптада болған тағайындаулар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі оқырман қауымға Қазақстанда осы аптада болған ауыс-түйістер мен тағайындаулар легін ұсынады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Мәдина Нұрғалиева Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары лауазымына тағайындалды. Бұған дейін ол аталған институттың Алматыдағы өкілдігін басқарып келген болатын.

Мәдина Маратқызы 2003 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Философия және саясаттану институтының аспирантурасын бітірген. 2004-2012 жылдары - ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Философия және саясаттану институтының кіші ғылыми қызметкері, ғылыми қызметкері, аға ғылыми қызметкері. 2009-2013 жылдары - Саяси шешімдер институтының сарапшылық-қолданбалы бөлімінің  жобалалар менеджері, жетекшісі, 2013 жылғы қыркүйектен бастап ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 

Осы аптада сонымен қатар, «Астана LRT» ЖШС-ның жаңа басшысы таныстырылды. Қала әкімі Әсет Исекешев «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы Жанна Ақжановаға қаланың көлік инфрақұрылымының дамуына қосқан үлесі үшін алғысын айтып, басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатты.   

Жаңа басқарма төрағасы болып Бекмырза Игенбердинов тағайындалды, ол бұған дейін  Астана қаласы жолаушылар көлігі басқарма басшысы лауазымын атқарған.

Сонымен қатар, елордалық кәсіподақ орталығына жаңа басшы келді. Оған бұрын қалалық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы лауазымын атқарған Тастанбек Есентаев тағайындалды. Кәсіподақ орталығының бұрынғы төрағасы Сәрсенбай Мыңбаев зейнет демалысына шығуына байланысты қызметінен босатылды.

Астанадағы ауыс-түйіс мұнымен шектеліп қалған жоқ. Қаңтардың 22-і күні Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы азаматтық қорғау полковнигі Б. Тұзақбаев жеке құрамға астаналық Өрт сөндіру қызметінің жаңа бастығын таныстырды. Департамент бастығының бұйырығына сәйкес Астана қаласы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары» мемлекеттік мекемесі бастығының лауазымына азаматтық қорғау полковнигі Талғат Жұмабаев тағайындалды.

Талғат Мақсұтұлы 1970 жылғы 23 маусымда Торғай облысының Амангелді ауданына қарасты Сарыторғай ауылында дүниеге келген. 2003 жылы Қазақстан Республикасы ІІМ Алматы техникалық колледжін бітірген. Азаматтық қорғау полковнигі Талғат Мақсұтұлы азаматтық қорғау органдарында 1991 жылғы ақпаннан бастап қызмет етуде.

Ал Шығыс Қазақстан облысы жергілікті полиция қызметі бастығының лауазымына полиция полковнигі Батырбек Аяғанов тағайындалды.

Батырбек Сейітқазыұлы 1964 жылы 30 наурызда ШҚО Қатонқарағай ауданында дүниеге келді. 1988 жылы Өскемен педагогикалық институтын, 1997 жылы ҚР ІІМ Қарағанды жоғары мектебін тәмамдады. Еңбек жолын 1990 жылы Өскемен қаласында Үлбі аудандық атқару комитетінің ІІБ алдын-алу бөлімшесінің учаскелік инспекторы қызметінен бастаған. 1994 жылы қыркүйекте Өскемен қаласы ІІБ қоғамдық тәртіпті сақтау бөлімі бастығының орынбасары болып тағайындалды. Бірнеше жыл қатарынан Өскемен қаласының ІІБ әкімшілік полиция бөлімінің бастығы қызметін атқарды. 2002 жылы ШҚО Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының тәрбие және кадр жұмысы бойынша бастығының орынбасары, кейін бастығы болды. 2004 және 2009 жылдар аралығында ШҚО ІІД Өскемен қалалық ІІБ бастығының орынбасары, 2009 жылы ШҚО ІІД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығы лауазымына тағайындалды. 2012 жылдан бері ШҚО ІІД бастығының орынбасары болған.

24 қаңтарда Қайырбек Өскенбаевтың ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі болып тағайындалғаны белгілі болды.

Қайырбек Өскенбаев 1964 жылы Астана қаласында дүниеге келген. 1986 жылы КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебін, 1996 жылы - Ақмола аграрлық университетін және 2004 жылы Л. Гумилев атындағы ЕҰУ Дипломатиялық академиясын тәмамдаған.

Заңгер, ұйымдастырушы-экономист және халықаралық қатынастар саласындағы маман ретінде білікті. Еңбек жолын 1982 жылы бастаған. 1982 - 1993 жылдары ішкі істер органдарында қызмет еткен, Ақмола қалалық әкімшілігінің коммуналдық меншік бөлімінің меңгерушісі лауазымын атқарған. 1993 - 1996 жылдары бас кеңесші заңгер, заңды қамсыздандыру және бақылау бөлімінің басшысы, ҚР мемлекеттік мүлік бойынша Ақмола аумақтық комитетінің жекешелендіру жөніндегі бюро директоры болған. 2011 - 2016 жылдары «20015 әскери бөлімшесі» РММ материалдық-техникалық қамсыздандырудың басты басқармасының басшысы, «ҚазМұнайГаз - Сервис» ЖШС бас директорының орынбасары, ҚР аймақтық даму бірінші вице-министрі және ҚР Ұлттық экономика вице-министрі қызметтерін атқарған. 2016 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарушы директоры лауазымында болды. 

Білім саласында да осы апта тың тағайындаулармен есте қалды. Нақтырақ айтқанда, Литваның бұрынғы Білім және ғылым министрі Дайнюс Павалкис Қазақ Ұлттық медицина университетінің бірінші проректоры болды. ҚазҰМУ-дың жаңа құрылымына сәйкес, Дайнюс Павалкис  ғылыми-зерттеу, академиялық және клиникалық жұмыстар бойынша мәселелерге жауапты болады.

Дайнюс Павалкис 1960 жылы 5 мамырда Литваның Каунас қаласында дүниеге келген. Әр жылдары хируг, Балтық-Америкалық ауруханасының жалпы медицина кафедрасының директоры, Литва денсаулық ғылымы университетінде профессор болып жұмыс істеді. 2012 жылдан бастап 2015 жылға дейін Литва Республикасының Білім және ғылым министрі қызметін атқарған.

Ал Солтүстік Қазақстанда екі ауданның әкімі ауысты. Тайынша ауданының әкімі қызметіне Ғ. Мүсірепов ауданы әкімнің орынбасары қызметін 2014 жылдан бері атқарып келген Владимир Дудов тағайындалды. Ал Ғ.Мүсірепов ауданының әкім болып, Қызылжар ауданының бұрынғы әкімі Болат Жұмабеков келді.

25 қаңтарда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Барлыбай Кәрімұлы Садықов Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Жарлығымен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес зейнеткерлік жасқа толуына байланысты Бақытбек Сейсебайұлы Шабарбаев Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен, Қазақстан Республикасының Бангладеш Халық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарудан босатылды.

Қазақ спортына еңбегі ерен Елсияр Қанағатов осы аптада жаңа қызметке тағайындалды. Енді Елсияр Баймұхамедұлы Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Спорт дирекциясын басқаратын болды. Сондай-ақ, ол алдағы Кореяда өтетін Қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстанның спорт  делегациясының шеф-миссиясы міндетін атқарады.

БАҚ саласындағы ауыс-түйістер де көптің назарынан қалған жоқ. Нақтырақ айтқанда, Мақпал Жұмабай  «Balapan» арнасының директоры қызметіне келді. Ал, осы арнаны басқарып келген Жанар Шәмел «Қазақстан» РТРК АҚ төрағасының кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Әзімхан Аусатов «Қазақ радиолары» ЖШС Бас директорының орынбасары қызметіне, «Қазақ радиосының» директоры лауазымына Нәзира Бердалы, «Шалқар» радиосының директорлығына Қалқаман Сарин келді.

Қызылордада «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы тағайындалды. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айдын Қайруллаев «Сыр медиа» ұжымына серіктестіктің бас директорының орынбасары - «Рухани жаңғыру» орталығының директоры қызметіне тағайындалып отырған Нұрлыбек Мыңжасты таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі. Белгілі ғалым Нұрлыбек Мыңжас еңбек жолын Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінен бастап, әр жылдары осы оқу орнында жауапты қызметтер атқарған. Соңғы жылдары университеттегі «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі болды.

Соңғы жаңалықтар