Қазақстанда ортақ шығындарды төлемейтін пәтер иелері жауапқа тартылуы мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына жүргізілетін реформа аясында көппәтерлі тұрғын үйлерді күтуге жұмсалатын шығындарды төлеуден жалтарған пәтер иелерін әкімшілік жауапкершілікке тарту ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үйді күтіп ұстауға кеткен шығындарды төлеуден жалтаратын пәтер иелері үшін әкімшілік жауапкершілік енгізуді ұсынамыз.  Қазіргі уақытта үйді пайдалану үшін жалпы тариф төленеді, бірақ пәтер иелері бұл тарифті көтеруге әрдайым дайын болмайды. Бұл олардың жеке меншігі, сондықтан заңнамаға пәтер иелерінің тұтас үйді күтуге жұмсалатын шығындарды төлеуі үшін жауапкершілік енгізуіміз қажет», - деді «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ Тұрғын үй шаруашылығы департаментінің директоры Мәдина Мурсакина Астанада өткен «ТКШ-ЭКСПО 2017» халықаралық форумында.

Оның айтуынша, күрделі жөндеу жұмыстары үшін міндетті жарна жүйесін реттеу қажет.

«Бұл норма қазіргі заңда да көрсетілген, бірақ жұмыс істемейді. Арнайы құрылған жұмыс тобының сарапшылары норманы қайта қарайды», - дейді сарапшы.

Сондай-ақ, тұрғын үй инспекциясына  қосымша құзыреттілік беру ұсынылып отыр.

«Олар үйді күтуге жұмсалатын ортақы шығындардан жалтарған пәтер иелерін әкімшілік жауапкершілікке тартатын болады. Кеше ғана семинарда ТКШ саласындағы еуропалықтардың тәжірибесін талқыладық. Онда ортақ төлемдерден қашқандардың пәтерлерін алып қояды. Мұндай қатаң шаралар Қазақстанда болмайтын шығар, бірақ Еуропада бар», - деп атап өтті М.Мурсакина.

Соңғы жаңалықтар