Қазақстанда Олимпиада ойындарын өткізуге мүмкіндік пен тәжірибе бар - Корея Елшісі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кореяның Қазақстандағы Елшісі Ким Дэсик 2018 жылы Пхенчханда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына дайындыққа қатысты айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің ойымызша, Қазақстан спорттық держава болып табылады. Қазақстанда қысқы спорт түрлері өте танымал екені белгілі. Сондықтан да Пхенчхандағы Олипиада ойындары жайында егжей-тегжейлі ақпарат беруге тырысудамыз», - деді Елші тілшілермен кездесу барысында.

Еске сала кетейік, XXIII қысқы Олимпиада ойындары алауы 2018 жылы 9 ақпан күні Пхенчхан қаласында тұтанады. Әлем додасы 25 ақпанға дейін жалғасады. Сонымен қатар 9-18 наурыз аралығында Паралимпиадалық ойындар өтеді.

Ұйымдастырушылар айтулы шараның ашылу салтанаты таңғаларлық деңгейде болатынын мәлімдеді. Яғни ашылу рәсімі 9 ақпанда жергілікті уақыт бойынша сағат 19:00 кезінде 35 мың көрерменге арналған Пхенчхандағы бас стадионда өтеді.  Жалпы спорттық шара аясында 12 нысан жұмылдырылмақ.

«Корея ақпараттық технологиялар саласында өте жақсы дамыған. Олимпиада ойындарын өткізу кезінде соңғы буынды технологияларды енгізуге ниеттіміз, оның ішінде 5G желісі де бар. Желтоқсанның орта кезінде Инчхон әуежайы мен Пхенчхан қаласы арасында жоғары жылдамдықты пойызды іске қоспақпыз», - деді Елші.

Ким Дэсиктің атап өтуінше, Олимпиада мен Паралимпиада ойындары қонақтарын қарсы алуға 20 мың ерікті жұмылдырылмақ. Ерікті атану үшін 145 елден 90 мыңнан астам адам өзара таласқа түскен екен.

Қазақстан мен Корея арасында 30 күнге визасыз режім болса да, дипломат Олимпиада ойындарына баруға ниетті қазақстандықтарға барынша көмек көрсетуге уәде етті.  Осы орайда Корея жағы Ойындарды өткізу кезеңінде Астана мен Алматыдан тікелей әуе рейстерінің жиілігін арттыруға дайын.

Сонымен қатар Елші мырза болашақта Қазақстан да Олимпиада ойындарын өткізетініне үміт артты.

«Менің ойымша, болашақта Қазақстанның Олимпиада ойындарын өткізу мүмкіндігі жоғары. Сіздерде ол үшін барлық мүмкіндік мен тәжірибе бар. Осы елде Азия ойындары мен Универсиада өтті. «Алау» спорт сарайындағы мұздың сапасы жоғары екенін байқап жүрміз. Осы орайда бұндай сапа өзге де спорттық нысандарда қарастырылғанын білемін. Жалпы, спорттық бағытта Қазақстан Кореяға қарағанда алда келе жатыр деп ойлаймын», - деп түйіндеді сөзін ол.

Соңғы жаңалықтар