Қазақстанда монополиялық және квазимемлекеттік кәсіпорындар беретін рұқсаттар тексерілуде

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі күні рұқсат жүйесін жетілдіру жұмыстары рұқсат құжаттарын электрондық форматқа одан әрі көшіруге және әкімшілік жүктемені айтарлықтай төмендететін «бір терезе» ұстанымын енгізуге бағытталған. Бұл жайында еліміздің Ұлттық экономика министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрліктің атап өтуінше, 2006 жылғы 29 наурызда Мемлекет басшысының тапсырмасымен бизнеске әкімшілік қысымды азайту мақсатында рұқсат құжаттарының көлемін 50 пайызға дейін қысқартуды қарастырған заң қабылданды. Аталған заңға сәйкес, 34 рұқсат күшін жойып, 14-і хабарлама тәртібіне ауыстырылды, 106-сы оңтайландыру мақсатында алынып тасталды. Мемлекет басшысы 2017 жылдың басындағы Қазақстан халқына арнаған өз Жолдауында дамудың жаңа моделін құру міндетіне қолданыстағы бизнеске реттеуші жүктеменің сай келмейтінін атап айтты. Президент Үкімет пен әкімдердің алдына ағымдағы жылғы 1 шілдеге дейін бизнесті қайта реттеудің жүйелі шараларын әзірлеу міндетін қойды.

«Жүргізілген талдау кезінде квазимемлекеттік сала мен табиғи монополиялар субъектілерінің рұқсат құжаттарын беретіні немесе рұқсат рәсімдеулерін жүзеге асыратыны белгілі болды. Сонымен қатар мұндай рұқсаттар заңнамада реттелмеген. Көбіне оларды беру тәртібі жүйеленбеген, бұл өз кезегінде кәсіпкерлерге қиындық туғызады және уақыт жағынан да, қаржы жағынан да едәуір шығындарға алып келеді», - деді Ұлттық экономика министрлігінен.

Мәселен, «Қазавтожол» АҚ халықаралық және республикалық маңызды автокөлік жолдарының бойындағы сыртқы жарнамаларды орналастыруға, магистральдық теміржол желілерінің операторы рұқсат рәсімдеулері болып саналатын жүктерді тасымалдау жоспарына рұқсат берсе, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар электр желілеріне қосылу үшін техникалық жағынан қамтамасыз етеді.

«Осыған байланысты, монополиялық және квазимемлекеттік қызметтер саласындағы рұқсат жүйесін реформалау бойынша жұмыстар басталып отыр. Аталған реформаның мақсаты осындай рұқсаттарды оңтайландыру мен жүйелеу, оларды қолдануды бір ізге түсіру және заңнамалық реттеу болып табылады», - деді ведомство.

Бүгінде монополиялық және квазимемлекеттік кәсіпорындар беретін барлық рұқсаттарды тексеру жүргізілуде, оның қорытындысы бойынша тізбе жасалынады.

«Болашақта анықталған рұқсаттардың ойға қонымдылығы тұрғысында аталған тізбеге талдау жасау жоспарланып отыр. Осылайша, бұл жұмыстар түрлі ұсталатын шығындарға әкеліп соғатын және бәсекеге қабілетті кәсіпкерлік саланы құруға және дамытуға кедергі келтіретін талаптарды қысқарту жолымен бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретін болады», - деді министрліктен.

Соңғы жаңалықтар