Қазақстанда мемлекеттік сатып алулар орталықтандырылып жүргізілмек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қаржы министрлігінде мемлекеттік сатып алулар бойынша заңнамаға түзетулерді талқылау жөнінде көпшілік тыңдау өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осы орайда ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алу заңнамасы департаментінің директоры Сәбит Ахметов қандай мақсаттар үшін түзетулер жоспарланып отырғандығын баяндап берді.

«Онда негізгі 3 жағдай ескерілген. Біріншіден, ол барлық мемлекеттік сатып алуларды орталықтандыруға қатысты. Қазіргі кезде бұл шараларды әрқайсысы өзі үшін жүргізуде. Бұл ретте мектеп өзі үшін, аурухана да бөлек өткізуде. Енді біз бұл шараларды жекелей жүргізбеу үшін, біртектес тауарлар бойынша сатып алуларды біріктіруге ниеттіміз. Мәселен, әрбір мектеп көмір сатып алатыны белгілі. Осы тұрғыда барлығы бөлек алған кезде баға да басқаша қалыптасады. Ал егер осының барлығын тұтас ауданға бір жеткізушіден алсақ, онда сәйкесінше өнімнің бағасы мен сапасына тиісті деңгейде ықпал етіп, ұтуға болады», - дейді ол.

Оның атап өтуінше, орталықтандыру нақты тауарлар бойынша жүргізіледі.

«Орталықтандыру аясында барлық сатып алулар осы жүйеге енеді дегенді білдірмейді. Сатып алулар нақты тауарлар мен қызметтер тізімі тұрғысында орталықтандырылады. Яғни, бұл стандартты тауарларға қатысты. Осы орайда қағаз, кеңесе тауарлары, қызметтік автокөлік, жиһаз қамтылмақ. Атап айтқанда, осы стандартты барлық тауарларды біріктіріп, жеткізу орындарына бөлуге болады. Бұл тұрғыда бір лот пен бір жеткізуші қарастырылады»,-дейді департамент басшысы.

Қаржы министрлігі өкілінің сөзінше, екінші мәселе - ол квазимемлекеттік сектордың сатып алуларын заңнамалық реттеуге байланысты.

«Бұл шаралар  ұлттық компаниялар мен холдингтерге тиесілі. Бүгінде олар өздерінің ережесімен сатып алады, әрқайсысы өздерінің ережесін бекітіп, сатып алуларды іске асырады. Қазіргі кезде бұл заң жобасымен олар үшін бірыңғай ережені бекітіп, осы талаптармен сатып алуларды жүргізу ұсынылуда. Осы орайда бақылау да бірыңғай болады, яғни мемлекеттік қадағалау ескерілген. Бүгінде олар жеке өздерін тексереді, сәйкесінше тиісті бір жағдайларды ескермей кетуі мүмкін. Нәтижесінде, жеткізушілер шағымдары түсіп жатады»,-дейді Сәбит Ахметов.

Мұнымен қоса, үшінші жағдай мемлекеттік сатып алулар заңнамасын жетілдіруге қатысты болып отыр.

«Өздеріңіз білесіздер, бізде бір жарым жыл бойы жаңа заңнамамен жұмыс істелуде, бұл құжат 2016 жылдың 1 қаңтарында күшіне енген еді. Осы бағыттағы жұмыстардың барысында кейбір қадамдарды жақсарту керектігі байқалды. Қазіргі кезде заң жобасы мемлекеттік органдармен келісу кезеңінде. Жақын арады құжатты Үкіметтің қарауына енгізбекпіз. Үкімет және ҚР Президенті Әкімшілігімен келісілгеннен кейін, оны Парламент Мәжілісіне енгіземіз. Парламентте заң жобасы кем дегенде жарты жыл қаралады, сондықтан да аталған құжат 2018 жылдың екінші жартыжылдығында қабылданады деп есептейміз», - деді С. Ахметов. 

Соңғы жаңалықтар