Қазақстанда лифтілердің бірыңғай электрондық тізімін құру ұсынылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының жалпы отырысында ел аумағындағы лифтілер мәселесі бойынша ҚР Үкіметінің басшысы Бақытжан Сағынтевтың атына депутаттық сауал жолданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Депутаттық сауал жолдауға ақаулы лифт салдарынан Ақтөбе қаласында жас әйелдің қайғылы қазаға ұшырауы себеп болып отыр. Өкінішке қарай, мұндай жағдай еліміздің басқа қалаларында да орын алып жатыр. Жаңадан салынған тұрғын үй кешендеріндегі лифтілердің де ұдайы істен шығып жататыны таңғалдырмайтын болды. Қазіргі таңда тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық нысандарында бекітілген лифтілерді бақылау жергілікті атқарушы органдардың құзырына берілген. Бірақ іс жүзінде осы қалалық тұрғын үй инспекцияларына лифтілерді техникалық күтіп ұстау бойынша бақылау функцияларын іске асыру жөніндегі өкілеттіктері берілмеген. Нәтижесінде, лифтілерді техникалық күтіп ұстауды жүзеге асыратын компаниялардың қызметі бақылаусыз қалды. Олардың қызметіне қойылатын талаптар айқындалмаған. Лифт ұйымдарын сертификаттау тетігі әзірленбеген. Қазақстан лифтішілерінің қауымдастығы деректері бойынша еліміздің ірі 7 қаласында жеті мыңға жуық лифт күрделі жаңғыртуды немесе ауыстыруды қажет етеді», - деді сенатор Марат Тағымов

Оның сөзіне қарағанда, Астананың өзінде шамамен 60 сервистік компания жұмыс істейді. Олардың болмашы бөлігінің ғана шын мәнінде құзыреттері, мамандары және қажетті өндірістік технология базасы бар. Лифтілердің апаттық мәселесі әртүрлі әкімшілік деңгейлерде талқыланғанымен, жағдай өзгермеді.

Сонымен қатар, депутат өнеркәсіптік қауіпсіздік сапасындағы өкілетті орган мен жергілікті атқарушы органдар арасында лифт жабдықтарын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі функциялардың қайталануын болғызбау, сондай-ақ тұрғын үй инспекция қызметкерлеріне тиісті өкілеттіктері бар мемлекеттік инспектор мәртебесін беру жөнінде шаралар қабылдауды сұрады.

«Лифт қызметін көрсетуге арналған бірыңғай салалық стандартты, оның ішінде лифтілердің бірыңғай электрондық тізімін құру туралы және сауалда көрсетілген басқа да мәселелердің шешілуін қамтамасыз етуді өтінеміз», - деп түйді сенатор.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл сәуір айының басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елдегі лифтілер жұмысын тәртіпке келтіруді талап еткен болатын. 

Соңғы жаңалықтар