Қазақстанда қомақты сомаға 13 инновациялық грант беріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Технологиялық даму жөнінен ұлттық агенттік инновациялық гранттарды ұсыну бағдарламасы бойынша қорытындыны жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2017 жылдың тамызынан бастап қазан айы аралығында өтінім қабылдау мерзімінде жобалар бойынша 208 ұсыныс келіп түсті. Оның ішінде 123 өтінім технологияларды коммерцияландыруға, 20-сы салаларды технологиялық дамытуға, 65-і жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды технологиялық дамытуға бағытталған.

Гранттық бағдарламаға қатысуда Астана мен Алматы қалаларының тұрғындары белсенділік танытқан көрінеді.

Ережеге сәйкес, үміткерлерді тиімді іріктеу тұрғысында өтінімдер бойынша технологиялық, қаржылық-экономикалық әрі құқықтық сараптамалар жүргізілді.

«Инновациялық грантты алуға келіп түскен 208 өтінімнің ішінде 123-і технологиялық сараптамаға жіберілді. Бұдан бөлек, 36 өтінімді үміткерлер өздері қайтарып алса, дұрыс рәсімделмеуінен 33-і қарастырудан алынып тасталды. Ал тағы 16 жоба ереже талаптарына сәйкес келмеді», - делінген баспасөз қызметінің мәліметінде.

Технологиялық сараптаманың нәтижесі бойынша, 123 өтінімнің арасында 19-ы оң қорытынды алды.

«Технологиялық сараптамадан өткен 19 өтінім қаржылық-экономикалық әрі құқықтық сараптамаға бағытталды. Нәтижесінде, қаржылық-экономикалық сараптамадан оң қорытындыны 14-і, ал құқықтық сараптамадан 18-і алды», - делінген агенттік хабарламасында.

Мұнымен қоса, сараптамадан өткен өтінімдер тәуелсіз комиссия тарапынан қарастырылды. Комиссия құрамына министрліктердің, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың, сондай-ақ агенттіктің өкілдері енді.

«2017 жылдың қарашасы мен 2018 жылдың қаңтарында өткен комиссияның отырыстары нәтижесінде, бүгінде 2,4 млрд теңге сомасындағы 13 инновациялық грантты беру шешімі жасалды», - дейді Технологиялық даму жөнінен ұлттық агенттігі өкілдері.

Соңғы жаңалықтар