Қазақстанда кәсіпкерлік ең жақсы дамыған өңірге «Хан Тәңірі» сыйлығы беріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ҰЭМ Қоғамдық кеңес мүшелері бизнесті жүргізудің жеңілдігі жөніндегі өңірлердің рейтингін енгізуді талқылады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА ведомствоның баспасөз қызметіне сілтемемен.

Қоғамдық кеңес отырысы ведомство басшысы Тимур Сүлейменовтің төрағалығымен өтті. Кезекті кездесу бизнесті жүргізудің жеңілдігі жөніндегі өңірлердің рейтингін енгізуге арналды.

Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин отырысқа қатысушылардың алдында негізгі баяндама жасады. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін ҚР Ұлттық экономика министрлігі 2017 жылғы маусымда «Қазақстан Республикасының өңірлерінде бизнесті жүргізудің жеңілдігі жөніндегі рейтингті әзірлеу және енгізу» жобасын бастағандығын еске салды.  

«Жоба аясында елдік және еларалық деңгейде бизнес ортаны зерттеуге бағытталған әлемдік аналогтардың тәжірибесі негізінде Бизнесті жүргізудің жеңілдігі жөніндегі рейтинг әдістемесі әзірленіп, бекітілді. Рейтинг әдістемесіне сәйкес бағалау екі: өңірлік - 14 облыс пен Астана және Алматы қалаларын және қалалық деңгейде - 55 қаланы салыстыру арқылы жүргізілмек», - деді Жұманғарин.

Оның айтуынша, өңірлер мен қалалардағы бизнесті жүргізу шартын бағалаудың негізгі бағыттары реттеушілік ахуал, бизнеске қаржының қолжетімділігі, адами капитал, бизнестің инфрақұрылымы, қабылданған шешімдердің ашықтығы болып табылады. Рейтинг ресми статистика мәліметтері негізінде де, субъективтік сауалнама деректері негізінде де өткізіледі.  

«Бүгінде зерттеулер аяқталды, 10 мыңнан аса респондентпен (оның 8120-сы кәсіпкер және 2100-і болашақ кәсіпкерлер) сауалнама жүргізілді. Бизнес-қоғамдастық өкілдерімен жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша Экономикалық зерттеулер институты бизнес-ортаға талдау жасады», - деді Жұманғарин бизнесті жүргізудің жеңілдігі жөніндегі өңірлер мен қалалардың рейтингінің нәтижелері Индустрияландыру күнінде хабарланатындығын айта келіп.

Кәсіпкерліктің дамуына үлес қосқан қалалар мен өңірлер «Хан Тәңірі» сыйлығына ұсынылатын болады. Рейтинг бизнес-ахуалды жақсарту жөніндегі реформаларды тәжірибеде анағұрлым белсенді түрде жүзеге асыратын және қолданатын өңірлер мен қалалардың позициясын анықтайтын толыққанды тетік болатындығы болжануда.  

Отырысқа қатысушылар тұтас алғанда, баяндаманы мақұлдап, қорытынды хаттамаға қол қойды. Олар сондай-ақ мұндай жобаларды Қоғамдық кеңестің аясында талқылау мемлекеттік шешімдерді қабылдаудың айқындығын арттыратындығын атап өтті.

Ұлттық экономика министрлігінің Қоғамдық кеңесінің құрамында Қазақстанның салық төлеушілер қауымдастығы кеңесінің басқарушы төрағасы Жаннат Ертілесова, «Қазақстан экономистерінің қауымдастығы» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ораз Жандосов, «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Әнуар Сейденов және басқалар бар.

Соңғы жаңалықтар