Қазақстанда кәсіпкерлерге қолдау көрсету жүйесі автоматтандырылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда мемлекеттік қолдау шараларын оңтайландыру және автоматтандыру сұрақтарымен айналысатын арнайы жұмыс тобы құрылды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Мемлекеттік қолдау шараларына қатысты «бірыңғай терезе» құру бойынша «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде Ұлттық экономика министрлігі Инвестициялар және даму, ауыл шаруашылығы министрліктерімен, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен жұмыс жүргізуде. Осы мақсаттар бойынша ШОБ үшін мемлекеттік қолдау шараларын оңтайландыру және автоматтандыру жөніндегі жұмыс тобы құрылды», - дейді министр.

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, кәсіпкерлерге көрсетілетін 50-ден астам қолдау құралы қолжетімді бола түседі.

«Мемлекеттік қолдау шаралары көп жағдайда айтарлықтай реттелген. Бұл талап етілетін құжаттардың көп мөлшерде ұсыну қажеттілігімен, әртүрлі комиссияларда және алқалық органдарда шешім қабылдаудың көп кезеңділігімен, қорытынды құжаттарға және келісімдерге қол қоюдың ұзақ мерзімділігімен байланысты болып отыр», - дейді ол.

ШОБ-қа қатысты мәселелерді шешу үшін министр қажетті құжаттарды декларативтік түрге ауыстыруды ұсынды. Сонымен қатар, оң шешім қабылдау үшін процестерді автоматтандырылған үдерістерге ауыстыру ұсынылып отыр.

«Бүгінгі күнге дейін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әзірлейтін 52 қолдау құралынан тұратын тізім анықталды. Бүгінгі күні Ведомствоаралық комиссия 22 қолдау құралы бойынша оңтайландыру және автоматтандыру тәсілдерін  мақұлдады. Қалған 30 қолдау құралы комиссия қарауына 2018 жылғы сәуірдің соңына дейін шығарылатын болады», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар