Қазақстанда кәсіпкерлердің старт-ап жобалары басым тәртіппен қаралады - Үкімет сағаты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда кәсіпкерлердің старт-ап жобалары басым тәртіппен қаралады. 

Бұл туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында еліміздің Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы ауылда, сол сияқты қалаларда кәсіпкерлік әлеуетті дамытуға, жеке ісін ашуға және жүргізуге жағдай жасайды.  Жаппай кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру үшін микрокредиттеу көлемдері кеңейтілді, әлеуетті кәсіпкерлердің кепілді қамтамасыз етуінің жеткіліксіздігі кезінде мемлекет тарапынан кепілдік беру мүмкіндігі ұсынылады.  Бұл шаралар ауылдағы қаржыландырудың жетіспеушілігімен және кепілді қамтамасыз етудің жеткіліксіздігімен байланысты мәселелерді шешуге бағытталған», - деді ол.

Оның айтуынша, бағдарлама аясында микрокредиттер түпкілікті сыйақы мөлшерлемесі 6 пайыздан асырылмай  8 мың АЕК-ке (17 млн.теңге) дейін беріледі.

«Несие беру нарығында микрокредиттердің құны 22 пайыздан 35 пайызға дейін құрайтынын ескеретін болсақ, бағдарлама аясындағы микрокредиттер бизнес жобаны іске асыру үшін анағұрлым пайдалы ұсыныс болып табылады. Қалаларда микрокредиттер «Даму» КДҚ» АҚ арқылы, ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда  «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ арқылы берілетін болады», - деді министр.

Сүлейменовтің сөзіне қарағанда, алғаш рет  кәсіпкерлік қызметті микрокредиттеу мемлекет тарапынан кепілдік берумен бекітілді. Бұл жұмыссыз және нәтижелі жұмыспен қамтылмаған халықтың кепіл мәселесінің шешімі болып саналады. Кепілдік жұмыс істеп тұрған бизнес үшін микрокредит құнының 50 пайызына дейін және жұмысын жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін 85 пайызына дейін берілетін болады. Қалаларда мемлекет атынан «Даму» КДҚ» АҚ, ауылды елді мекендерде  «ҚазАгроКепілгер» АҚ кепілгерлер болып табылады. Бұл ретте, кәсіпкер дефолт болған жағдайда, кепілдікті төлеу бойынша тәуекелдің негізгі бөлігі кепілдік беру жөніндегі операторларға жүктеледі. Мемлекет кепілдік беру құнының 30 пайызына дейін төлейді. Бұл операторларды келіп түсетін өтінімдерді сапалы талдауға ынталандырады және тиімсіз жобаларға қолдау көрсетуді азайтуға мүмкіндік береді. 

«Кәсіпкерлік қызметті микрокредиттеуге жыл сайын қалаларда 10 млрд. теңге, ауылдық жерлерде - 27 млрд. теңге, қалаларда микрокредиттерге кепілдік беруге - 1,2 млрд. теңге, ауылдық жерлерде - 2,8 млрд. теңге көзделеді. Бұл, қалаларда 2 500-ден астам жобаны қаржыландыруға, формалды экономикаға ауылдар мен шағын қалалардағы 16 мыңнан астам жеке қосалқы шаруашылықтарды көшіруге, жетіспейтін кепілді қамтамасыз етумен 1 250-ден астам жобаларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл ретте бағдарлама индикативтеріне сәйкес, үлесі кемінде 20 пайызды құрайтын кәсіпкерлердің старт-ап жобалары басым тәртіппен қаралатын болады», - деді Сүлейменов.

Соңғы жаңалықтар