Қазақстанда кәсіпкерлер үшін СЭҚ талаптары 85 пайызға қысқартылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық экономика министрлігінде Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптама тобының кезекті отырысы өтті, онда бизнестің мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау қызметімен байланысты шығындарын қысқарту бойынша аралық жұмыс нәтижелері қаралды, деп хабарлайды ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.            

Негізінен, Сараптама тобы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулықты қорғау комитетімен бірігіп тексеру парақтарының талаптарын оңтайландыру бойынша жұмыс жүргізді.

«Бүгінде кәсіпкерлерге 83 санитарлық қағидадан тарайтын 14000-ға жуық талап қойылады. Сараптама тобы барлық талаптарға мұқият талдау жүргізді және оларды оңтайландыру бойынша ұсынымдар әзірледі, нәтижесінде СЭҚ саласындағы тексеру парақтарының талаптары 85 пайызға, яғни 14000-нан 1700 талапқа қысқарды. Тексеру парақтарын бекітетін тиісті бірлескен бұйрыққа ұлттық экономика және денсаулық сақтау министрлері қол қойды», - деді ҚР ҰЭМ Кәсіпкерлікті дамыту департаменті директорының орынбасары Асланбек Жақыпов Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптама тобының отырысында.

Сараптама тобы мүшелерінің пікірінше, қабылданып жатқан шаралар бизнеске әкімшілік жүктеменің төмендеуіне және кәсіпкерлер шығындарының қысқаруына жәрдемдеседі.

Сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіруге бағытталған заң жобасын әзірлеп жатыр.

Асланбек Жақыповтың айтуынша, талаптар санының қысқаруымен бірге жоғарыда аталған заң жобасы аясында қолданыстағы жедел жазалау шараларының орнына ескерту-түсіндіру сипатындағы шараларға ауысу ескеріледі.

«Кәсіпкерлерге заңнамана талаптарын сақтауға көмек көрсету қажет екенін түсінгеніміз жөн. Көбінесе, кәсіпкердің заң нормаларын бұзғысы келгендігінен емес, оның орындалу тәртібін немесе мүлде оның бар екенін білмеуі салдарынан белгілі бір заң бұзушылық анықталады. Осыған байланысты, тексерулердің көпшілігі, оның ішінде СЭҚ органдарымен іске асырылатын тексерулер алдын алу бақылауға ауыстырылады. Мұның мәнісі, заң бұзушылық анықталған жағдайда қолданыстағы дереу жазалау дағдысының орнына құқықбұзушылықтың алдын алу және түзету жолдары түсіндірілмек» - деді Асланбек Жақыпов.     

Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптама тобы Премьер-Министрдің бірінші орынбасарының шешімімен құрылған және ҰЭМ, «Атамекен» ҰКП, бизнес-қоғамдастық және ғылыми ұйымдар өкілдерінен тұрады. Сараптама тобының негізгі міндеті кәсіпкерлік қызметтің нормативтік реттелуін жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірлеу болып табылады.  

Соңғы жаңалықтар