Қазақстанда қалалардағы балабақшаның жұмыс уақытын ұзарту қарастырылуда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрлігі қалаларда балабақша жұмысын ұзарту мүмкіндігін қарастыруда. Бұл туралы аталған ведомствоның басшысы Ерлан Сағадиевтің депутаттық сауалға берген жауабында атап өтілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Аталған проблеманы шешуге кедергі келтірмейтін қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілердегі нормаларға сүйене отырып, министрлік өңірлердегі әкімдіктерге мәселені жергілікті деңгейде шешу үшін хат жолдады. Бүгінгі күні жергілікті атқарушы органдар жоғарыда аталған мәселені зерделеп, негізінен қалалық жерлердегі 49,2 пайызды құрайтын балабақшалардың жұмыс режімін 10,5 сағаттықтан 12 сағаттық жұмыс күні режіміне ауыстыру үшін 2018 жылға қосымша қаражат қарастыру мәселесін қарастыруда. Өңірлердің білім басқармалары ақылы түрдегі кешкі кезекші топтар ашудың қажеттілігін анықтау мақсатында ата-аналар арасында сауалнама жүргізді», - деп атап өтілген ведомствоның жауабында.

Атап айтқанда, елімізде 9 844  (7 053 мемлекеттік және 2 791 жекеменшік) мектепке дейінгі мекемелер жұмыс істейді. Олардың 53 пайыздан астамы бес күндік жұмыс аптасындағы 12 сағаттық жұмыс күні тәртібінде жұмыс істейді.

«Астана қаласы бойынша ата-аналардың сағаттық төлемақы есебінен ақылы негізде кешкі уақытта кезекші топтар (19:00-ге дейін) ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2018 жылдан бастап қаланың барлық балабақшаларында ата-аналардың келісімімен осындай топтар ашылатын болады.Бұл мәселені шешу бойынша жұмыстарды облыстардың, Астана және Алматы қалаларының білім басқармалары жалғасатырады», - дейді Е. Сағадиев.

Айта кетейік, осыған дейін еліміздегі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмыс уақытын 19:00-ге дейін созу немесе кезекші топтарды құру мәселесі көтерілген болатын.

Соңғы жаңалықтар