Қазақстанда Иранмен бірлескен «Халал» зертханасы ашылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда «халал» сертификатын анықтайтын Иранмен бірлескен зертхана ашылуы мүмкін. 

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен «Иранмен бизнес жүргізу» бірінші сауда-экономикалық конференциясында «Атамекен» ҰКП Қазақстан Сыртқы сауда палатасының басқарма басшысы Аян Еренов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Конференцияда баяндама жасаған Аян Еренов Иранға азық-түлік жеткізгісі келетін қазақстандық кәсіпкерлерге аталған ел нарығындағы маңызды тетікке мән беруді ескертті. 

«Халал» сертификациясы  Иранмен арадағы сауда байланысында, әсіресе, азық-түлік бойынша аса мән беретін дүние. Оны кедергі деп айтуға болмайды, бұл стандарт кейде тұтынушы тарапынан дұрыс қабылданбай жатады. Қазақстаннан Иранға өнімін экспорттағысы келетін компаниялар «халал» сертификатын алуы қажет. Бұл Иранның ішкі нарығын қорғау жағынан және тұтынушы тарапынан сапа көрсеткішін анықтаушы ретінде (тұтынуға болатын, болмайтын - ред) пайдаланылатын өте маңызды құрал. Осыны ескеру керек. Қазіргі уақытта біз Иранның Сауда-өнеркәсіп палатасымен Қазақстанда халал сертификатын беретін біріккен зертхана ашу туралы келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Оны ашуға бір жылдай уақыт кетеді деп ойламын», -  деді Аян Еренов.

Айта кетейік, бүгін Алматыда ҚР «Kaznex Invest» экспорт және инвестициялар агенттігі мен Zoodel он-лайн В2В сауда алаңының ұйымдастыруымен «Иранмен бизнес жүргізу» бірінші сауда-экономикалық конференциясы өтіп жатыр.  Ұйымдастырушылар екі ел арасында мұндай шара бірнші рет ұйымдастырылып отырғанын айтады. Конференцияға Ираннан құрамында мемлекеттік орган, бизнес өкілдері, Иран Ислам Республикасының банкі, Иран-Қазақстан іскерлік кеңесі, Иран мемлекеттік экспорт-несие агенттігі өкілдері енген арнайы делегация келді.

Қазақстан мен Иранның  сауда айналымы 2016 жылы 600 млн. долларға жуық қаржыны құрады. 2016 жылы Ираннан Қазақстанға 45,6 млн АҚШ долларының импорты келген. Қазақстан Иранға металл өнімдері, уран, арпа, бидай, рапс тұқымдарын экспорттаса, Ираннан Қазақстанға химиялық өнімдер, полиэтилен, мұнай химиясы, құрылыс заттары келеді.

 

 

Соңғы жаңалықтар