Қазақстанда инвесторларды қорғайтын кеңсе құрылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда шетелдік инвесторлардың мүддесін қорғау бойынша арнайы Жобалық кеңсе ашу жоспарлануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өзара іс-қимыл туралы меморандумға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек және Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов қол қойды.

Алик Шпекбаевтың айтуынша, әлі күнге дейін елімізде инвесторларға өз әлеуетін толық ашып, жаңа бизнес-идеяларын іске асыруға кедергі келтіретін мәселелер бар. Жемқорлық қауіп-қатер мен әкімшілік кедергілер де проблемалық мәселелердің бірі.

«Агенттік бизнестегі сыбайлас жемқорлық пен заңсыз араласуды жою үшін жүйелі жұмыстар жүргізуде. Соңғы үш жылда дәл осындай 976 факті анықталып, 389 лауазымды тұлға сотталған. Жүргізілген шаралар бес жүзден астам кәсіпкердің құқығын қорғауға мүмкіндік берді. Жасырары жоқ, заңсыз араласу фактілерінің барлығы бізге жете бермейді. Енді әрбір фактіге жылдам жауап қататын мезгіл жетті. Сондықтан, бүгін  Агенттік + Инвестициялық Омбудсмен институты + Сыртқы істер министрлігі формуласында бірлескен күшті нығайту туралы меморандумға қол қоямыз», - деді Агенттік басшысы Астанада Қазақстандағы инвестициялық ахуалға арналған бірінші халықаралық бизнес-форумда.

 А. Шпекбаевтың айтуынша, Жобалық кеңсе сыбайлас жемқорлықпен байланысты барлық шығындарды реттеумен және инвесторлар мен кәсіпкерлерді қысымнан қорғаумен айналысады.

ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек өткен жылы инвестициялық омбудсменге 43-тен астам өтініш келіп түскенін атап өтті. Инвесторлардың басым бөлігі салық, кеден, еңбек, көші-қон және жер қатынастарын рецензиялау саласындағы заңнамалар бойынша кедергілерге тап болған.

Өз кезегінде ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов қиындыққа тап болған шетелдік инвесторларға қол ұшын созуға әзір екендігін жеткізді.

«Қазақстандағы жеке секторда айтарлықтай күрделі мәселелер жоқ деп үміттенемін. Дегенмен, қазіргі уақытта бизнес-орта ерекше қарқынмен дамып келеді. Әріптесім Жеңіс Қасымбектен (ҚР Инвестициялар және даму министрі - ред.) 2018 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстандағы шетелдік тікелей инвестициялар көлемі 40%-ке артқанын білдім. Сондықтан түрлі инвесторлық жобаларды жүзеге асыруда қандай да бір кедергілерге тап болсаңыз,  еш қысылмастан Министрлік (ҚР Сыртқы істер министрлігі - ред.) пен өзге меморгандарға сауал жолдаңыз. Сонымен бірге, дипломатиялық корпус пен бизнес-қауымдастықтың өзге де ұйымдары арқылы жүгінуге болады», - деп еске салды Қайрат Әбдірахманов.

Соңғы жаңалықтар