Қазақстанда интернет-дүкен ашу үшін не істеу керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазпошта» АҚ-ның Астанадағы «E-Commerce» орталығында цифрлық технологияларға арналған семинарлар басталды. Бүгінгі шара электронды сауда жүргізу мәселесіне арналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазпошта» АҚ-ның электронды сауда жөніндегі атқарушы директоры Асқарбек Алшанбаевтың айтуынша, бүгінде интернет-дүкен ашу үшін нақты үш мәселені ескеру керек.

«Біріншіден, платформа қажет. Сол платформаның негізінде кез келген адам өзінің интернет-дүкенін аша алады. Екіншіден, логистика, яғни сатылған тауарларды жеткізу желісі болуы шарт. Бүгінде республика бойынша 70-тен астам курьерлік компания бар. Соның ішінде кез келген компанияны жалдап, келісімшартқа отыруға болады. Сонда курьерлер интернет дүкеннің тауарларын тұтынушыға жеткізіп отырады. Үшіншіден, төлем жүйесін енгізу керек. Ол карточка бола ма, пошта бөлімшесінде төлене ме, нақты бір төлем құралын таңдап, интернет-дүкенге енгізу қажет. Осы үш негізгі міндет бар. Сосын төртіншісі, ол - маркетинг. Мәселен, әлеуметтік желілерде арнайы парақшаларды ашып, онлайн маркетинг жүргізуге болады», - деді А.Алшанбаев.

Оның айтуынша, биылдан бастап Салық кодексінің электронды саудаға қатысты өзгерістері күшіне енді. Оған сәйкес, барлық интернет дүкендер корпоративті және табыс салығынан 5 жылға дейін босатылады. Аталған жеңілдікті алу үшін нақты үш шарт бар. Біріншіден, сауда-саттық онлайн режимде жүргізілуі тиіс. Екіншіден, тауардың ақшасы электронды жүйе арқылы төленуі шарт. Үшіншіден, тауар курьерлік компания арқылы тікелей тұтынушыға жеткізілуі керек.

Айта кетейік, бүгінгі семинарға «1С-Битрикс Қазақстан» компаниясының директоры Сармантай Қасенов, «InSales»-тің Қазақстандағы директоры Никита Краснояров, «iLab» компаниясының жетекшісі Владимир Денисов, «aRex Group» инвестициялық компаниясының маркетинг және сату жөніндегі директоры Анна Осипова шақырылды. Дәрістерді тыңдауға келген адамдардың көп болғаны сонша, барлығы «E-Commerce» орталығына сыймай кетті.

Соңғы жаңалықтар