Қазақстанда инновациялық обсерватория ашылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2016-2020  жылдарға арналған «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасын іске асыру мақсатында инновациялық обсерватория ашылады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасын басқару тобының бас менеджері Бауыржан Ерешев мәлім етті.

«Қазақстанда инновациялық обсерватория құрылады. Онда тәуелсіз алаң ретінде республикадағы барлық инновациялық процестер бақылауға алынып, оларға мониторинг жасалатын болады. Мұндағы басты мақсаттардың бірі - бизнес пен ғылымды бір-бірімен байланыстыру, ашық әрі қысқа мерзімде қос саланы ұштастыра жұмыс атқаруға қол жеткізу. Бүгінгі таңда инновация саласында өте ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Әрбір өңірде аймақтық инновациялық кеңселер ашылуда. Олардың рейтингтерін бақылау, методологиялық көмек беру, үздік тәжірибелер мен олардың көзін ашу - инновацялық обсерваторияның міндеті болады», - дейді Бауыржан Ерешев.

Оның айтуынша, бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексінде Қазақстан 59-ыншы орында тұр.

«Сондықтан, Қазақстандағы инновацияның барлық үрдістерін бақылап отыратын алаңның құрылуының маңызы өте зор. Обсерватория Үкіметке есеп береді. Үкімет сол арқылы инновацияны дамытудың келесі қадамдарын анықтайды. Сондай-ақ, обсерваторияның құрылуы Қазақстандағы инновациялық экожүйені күшейтуе мүмкіндік береді», - деп атап өтті Бауыржан Ерешев.

Бұған қоса, жобаны басқару тобының бас менеджері әр мемлекеттің инновациялық жүйесінің ұлттық ерекшелігі болғандықтан, қазіргі уақытта обсерваторияны құрудың жан-жақты сұрақтары талқыланып жатқанын атап өтті.

«Бүкіләлемдік банктің кеңесімен жұмысқа тартылған халықаралық кеңесші обсерваторияның дизайнын ұсынды. Қазіргі уақытта инновациялық обсерваторияның құрылымын жасап жатырмыз», - деп түйді ол.

Соңғы жаңалықтар