Қазақстанда халал деген бір ғана логотип болуы қажет - Діни басқарма

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда халал деген бір ғана логотип болуы қажет. Мұндай пікірді Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының аппарат басшысы Ғилымбек Мәжиев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз бір апта бойы Малайзия елінен келген халал индустриясын дамыту жөніндегі кеңесші топпен кездесу өткізудеміз. Бұл жұмыс тобы біз үшін өте маңызды. Өйткені, Қазақстан Тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде экономика, саясат, дін салаларында үлкен жетістікке жетті. Бірақ, осы халал мәселесін, оны реттеу әлі де кемшін түсіп жатыр. Ал малайзиялық мамандардан біз ең алдымен халалды қалай дамытуға болатындығын білеміз. Халал индустриясы әлемде үлкен жүйеге айналып отыр. Қазіргі күні  халал нарығының қаржы айналымы 2,6 трлн долларды құрайды. Сондықтан халал стандартына қарапайым адамдардан бастап, мемлекеттік емес ұйымдар, мемлекет тарабынан да қызығушылық өте зор. Бірақ, осы қызығушылықтың соңына еріп кетпей, халал адал қызмет екендігін қаперден шығармауға тиіспіз», - деді ол елордада өтіп жатқан халал индустриясы саласындағы малайзиялық органдардың өкілдерімен кездесу аясында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы үшін халал басты пайда табу көзі емес. Басқарманың басты ұстанымы  - елімізде халал индустриясын жолға қою.

«Кездесу барысында біз өз тарабымыздан ел Үкіметіне, құзырлы органдарға бірқатар ұсыныс бермекпіз.  Мәселен, Қазақстанда халал деген бір ғана логотип болуы қажет. Өйткені, Индонезияның, Қырғызстанның, Брунейдің, Қытайдың халал стандартын дамыту бағыттарын көрдік. Тәжірибеге орай бір елде бір логотиптің болуы -  бұл ең алдымен тұтынушылардың, мемлекеттің, сырттан тауар әкелетін кәсіпкердің жұмыс жасауына қолайлы жағдай жасайтын шарт. Бұған қоса бұл логотипті беру құқығына Қазақстан Мұсылмандарының діни басқармасы ие болуы қажет. Себебі, біз үшін халал діни термин. Халал дегеніміз Алланың мұсылмандарға рұқсат еткен асы, қызметі, киімі дегенді білдіреді. Жалпы, халал мен харам терминдері қатар жүреді. Мұны Алла тағаланың екі қылышы деуге болады. Біреуі, рұқсат етіледі, халал дейді, екіншісі рұқсат етілмейді, харам дейді. Рұқсат етілгеніне не етілмегендігіне үкім беру бұл дін мамандарына берілген қызмет», - Мәжиев.

Діни басқарманың аппарат басшысы деректеріне сәйкес, қазіргі уақытта елімізде заңды құрылған мекемелер 3-4 халал  логотипін беруде.  

Соңғы жаңалықтар