Қазақстанда еттің бағасы қашан төмендейтіні белгілі болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Төлеутай Рақымбеков Қазақстанның ішкі нарығында ет бағасы қашан төмендейтінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Еттің бағасы неге өсті? Кейбіреулер оны осы өнімнің алдағы экспортымен байланыстырып отыр. Қазақстан аусылдан таза аймақ ретінде мойындалғаннан кейін, ауыл тұрғындары өнімдерін экспортқа бағыттау тұрғысында малдарын (ішкі нарыққа) етке жібермей күтіп жүр деген қауесет тарай бастады. Осы тектес қауесеттердің негізінде ет бағасының өсуі себептері туралы түрлі талқылаулар жүруде. Шын мәнінде еліміздің аусылдан таза аймақ ретінде мойындалғанынан бағаның жоғарылауы арасында тікелей байланыс жоқ. Бүгінде ішкі нарыққа еттің басым бөлігін шағын және жеке қосалқы шаруашылықтар жеткізуде. Олар үшін экспортқа шығу - ол перспектива. Біз алдымен экспортқа мамандандырылған бордақылау алаңдарының етімен шығамыз»,-деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасында вице-министр.

Оның сөзінше, бүгінде бордақылау алаңдарының жүктемесі тек 40-45 пайыз деңгейінде ғана. Оның екі себебі бар: біріншіден, Қазақстан аусыл бойынша экспорт үшін жабық болды, екіншіден, жем-шөп базасының мәселелері шешілмеген еді.

«Атап айтқанда бірінші себептің шешімі жасалды. Қажетті мәртебені алдық. Дегенмен де жаппай экспорттық тасымалдар үшін әлі де еңбек ету керек»,-деп түсіндірді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, екінші себеп аясында агроөнеркәсіп кешенінің (АӨК) жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында тиісті қадамдар жасалып жатыр. Онда жайылымдарды, егістіктерді жақсарту мен қоспа жемді өндіру көлемін арттыру шаралары жүзеге асырылуда.

«Бордақылау алаңдарын толық қуатына шығарған кезде қосымша 35-40 мың тонна ет шығарылады. Сонымен қатар ауылдық кооперация мен отбасылық бордақылау алаңдарын дамыта отырып, қосымша 40 мың тоннаға дейін ет аламыз. Осы 70-80 мың тонна еліміздің экспорттық әлеуеті болады. Ал ел ішін етпен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталатын болсақ, Қазақстан жылына 900 мың тонна етті өндіріп, тұтынады. Экспорт шамамен 12 мың тонна. 2015 жылмен салыстырғанда 2016 жылы ет импортының көлемі 10 мыңнан 7 мың тоннаға дейін төмендеді. Осы ретте айта кетер жәйт - ет импорты негізінен мейрамханаларға премиум санаттағы және өңдеуге арзан мұздатылған етті жеткізумен байланысты»,-деп нақтылады Рақымбеков.

Министрдің орынбасары көктемде елімізде ет бағасы неліктен өскендігін түсіндірді. Біріншіден, отбасыларда күзде және қыста дәстүрлі түрде дайындалатын ет көктемге қарай таусылады. Осы орайда көктемде арықтау болғандықтан, ірі қара малды союға ертерек, ал қозылар өсіп жетілмеген. Сондықтан да жыл сайын ет бағасының маусымдық өсімі байқалуда.

Екіншіден, өткен жылдың соңынан бері теңге/рубль бағамына байланысты солтүстік өңірлерден Ресейге ет тасымалданып жатыр. 2014 жылы керісінше еді, сол кезде еліміздің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері РФ-тен арзан өнім жеткізіліп жатқандығына шағымданған болатын. Қазіргі кезде тасымал аталған көршілес елге қарай бағытталды.

«Маусым-шілде кезінде еттің бағасы тұрақтанады»,-дейді Рақымбеков.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов ет бағасының өсуіне түсінік берген болатын.

Соңғы жаңалықтар