Қазақстанда еңбек мигранттарының барлық түрі қалыптасып отыр

None
None
АСТАНА. 13 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы болып өтті.

Заң жобасы Елбасының шетелден келетін еңбек мигранттарын тиімді есепке алу, олардың әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау, сонымен қатар кіріс пен салықтың ашықтығын заңдастыру мақсатында кешенді шаралар қабылдау туралы тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген. Тоқтала кететін жайт, елімізде шетелдіктерге, жеке адамдарда еңбек қызметін жүзеге асыратын ТМД азаматтары үшін көші-қонды бақылау мәселесі реттелмеген. Осыған орай, заңнамада жеке тұлғаларға шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттар беру көзделмеген. Соның салдарынан мұндай қызмет заңсыз атқарылып жатыр. «Бүгінгі күні халықтың көші-қоны көптүрлі құбылыстарды тудырып отырғаны айқын. Ол экономикаға да саясатқа да демографиялық үдерістерге де, сондай-ақ ұлтаралық қарым қатынастар мен идеологияларға, дінге де барынша әсер етеді. Жаһандық дағдарысқа орай еңбек миграциясы мәселесінің өткірлігі онан сайын өршіп барады десе де болады. Атап айтқанда, жұмыс күшінің сапасымен ара қатынасы бойынша еңбек нарығының сұранысы, мигранттардың құқын қорғау бойынша олардың қызметін заңдастыру, олардың мәдени және еңбекке бейімділігі секілді мәселелер өзекті бола түсуде», - дейді Мәжіліс депутаты Рахмет Мұқашев.

Оның айтуынша, Қазақстанда еңбек мигранттарының барлық негізгі түрлері, атап айтқанда ішкі, ішкі және облысаралық, сыртқы, заңды және заңсыз, уақытша, маусымдық, транзиттік, шекарааралық түрлері кеңінен  таралған. Бұл ретте еліміз миграция үшін шығатын, келетін және транзиттік елдер қатарына жатады.

«Қазақстандағы еңбек көші-қонының реттелмеуі, лицензияланған жұмыс күшінің көрсеткішінен асып түседі. Коммерциялық көші-қон да таралған.

Жалпы алғанда заң жобасының мақсаты шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттар берудің тәртібін жеңілдету бөлігінде көші-қон үдерісін мемлекеттік реттеу болып табылады.

«Заң жобасын қабылдау еліміздің еңбек көші-қоны саласында көптеген жылдар бойы қалыптасқан проблемаларды шешуге септігін тигізеді», - дейді депутат Р. Мұқашев.

Соңғы жаңалықтар