Қазақстанда электронды үкімет бойынша практиктер альянсы құрылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана мемлекеттік қызмет хабы мен Almaty Management University бірлесе отырып, Эстония электронды басқару академиясының қолдауымен «Электронды үкіметті дамыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалар» атты семинар өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат шараны ұйымдастырушылар таратқан мәліметтерге сүйене отырып.

Семинар Қазақстанның әр аймағынан келген әкімшілік өкілдерін, мемлекеттік басқару саласындағы, оның ішінде Хаб елдері сарапшыларының басын қосты.

Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Алихан Байменов, Almaty Management University ректоры Гульмира Құрғанбаева және Эстония электронды басқару Академиясы директорының орынбасары Ханнес Асток қатысушыларға жылы лебіздерін білдірді.

Хабтың басқару комитетінің төрағасы Алихан Бәйменов: «Әріптестік пен өзара тиімді халықаралық ынтымақтастық - кез-келген реформаның табыстылығы мен тұрақтылығының шешуші факторларының бірі. Хаб құрылғаннан бері қатысушы елдер арасында ерікті әрі ашық білім мен тәжірибе алмасу ісін алға ілгерлетуде», - деді.

Almaty Management University ректоры Гүлмира Кұрғанбаева «Тиімді әрі ашық басқарудың құралы - электронды үкіметті дамытуға қатысу ең алдымен, кәсіпкерлік университет ретінде Almaty Management University үшін маңызды. Мемлекеттік басқарудың мұндай жүйесін тек бизнес секторы, жоғары оқу орындары және қоғаммен ынтымақтаса отырып құруға болады. Практиктер Альянсы - әлемнің әртүрлі елдерінде электронды үкімет жүйесін жасауда маңызды тәсіл», - деді ректор.

Семинар барысында Хабтың қатысушы елдері - Эстония, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Грузия, Армения және Әзербайжанның электронды үкімет бойынша тәжірибесі таныстырылды. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтердің 99 пайызы электронды форматта беріліп, ортақ мәліметтер қорына жинақталған, сол арқылы азаматтардың үкіметке деген сенімін арттыра білген Эстонияның табысты тәжірибесі жайлы Ханнес Асток баяндады. Жүйенің икемділігі, сарапшының айтуынша, ашықтық пен қол жетімділікті қамтамасыз етеді, сонымен қатар жаңа мүмкіндіктер беріп, әкімшілік шығындарды азайтады.

Семинар қатысушылары, сонымен бірге, электронды үкіметті дамыту перспективаларын және осы бағытта Орталық Азия мен Кавказ елдерінде зерттеулер жасау мәселелерін талқылады.

Семинар барысында электронды үкіметті дамыту бойынша практиктер Альянсын құру механизмдері қарастырылды. «Тең теңімен» қағидаты бойынша жұмыс істейтін практиктер Альянсы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) негізіндегі 60-тан астам мемлекетті жұмылдыратын Тиімді институттар тұғырнамасы (EIP) тәсілімен құрылады.

Бұған дейін Хаб тұғырнамасында қатысушы елдер практиктерінің халыққа мемлекеттік қызмет көрсету бойынша Альянсы құрылған. Соны нәтижесінде Хаб Грузия, Әзербайжан, Қазақстанның тәжірибелерін көрсететін сараптамалық материалдар - кейс-стадилер даярланған.

Астанадағы мемлекеттік қызмет хабы - аймақтағы мемлекеттік қызмет саласындағы тәжірибе мен білім алмасудың институционалды алаңы. Қазіргі таңда Хабтың қатысушы елдері қатарында 38 мемлекет, оның ішінде Америка, ЕО, ТМД, Кавказ және AСEAН елдері бар.

Соңғы жаңалықтар