Қазақстанда ЭКСПО-ның қай теxнологиялары енгізіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, бүгінде Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінде таныстырылған теxнологиялардың ішінен 105 жоба іріктелді. Қазірдің өзінде бірқатар мемлекеттік және атқарушы органдар 42 жобаны іске асыруға кірісті,  деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Мәселен, германиялық бір теxнология электр энергияны алыс жерге тасымалдағанда қуат көздерінің біраз бөлігін үнемдеуге мүмкіндік береді. Қазақстанның электрэнергетикалық жүйесіне ондай теxнологиялар ауадай қажет. Себебі территориямыз кең. Бұдан бөлек, неміс павильонында геотермалдық теxнология таныстырылған болатын. Оның көмегімен жерасты сулар мен топырақтан энергия алуға болады. Зерттеулерге сәйкес, елімізде осы санаттағы энергия қоры баршылық", - деді Мырзағалиев бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслиxатында.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, іріктелген теxнологиялардың ішінде беларустық "Трубосфера" да бар. Соның арқасында газдың қысымын барынша азайтып, энергияны өндіруге болады. Оны мұнай-газ кендерінде кеңінен пайдалануға мүмкіндік бар. "Ал ағын суларды тазартуға арналған фин теxнологиясы негізінде суды тазартып қана қоймай, судың түбіндегі лайды тыңайтқыш ретінде қолдануға болады.  Қазіргі кезде оны жан-жақты зерделеп жатыр.

Финляндияның тағы бір теxнологиясын Қазгидромет сынақтан өткізуге кірісті. "Көгілдір көмір" атты поляк теxнологиясы қоршаған ортаға шығарылатын зиянды қалдықтарды 80 пайызға төмендетеді. Көмірдің қызуын да тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бізге мұндай теxнология аса қажет", - деп атап көрсетті Мағзұм Мырзағалиев.

Айта кеткен жөн, 105 жоба төрт саланы қамтиды. Олар - мұнай-газ (27 теxнология), көмір мен атом (5 теxнология), электрэнергетика мен энергия үнемдеу (44 теxнология), ауаның тазалығы, күл-қоқысты басқару сияқты экологиялық жобалар (29 теxнология).

Соңғы жаңалықтар